
«Алматы» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорация басшысы Мұхит Әзірбаев өзінің сөзінде Алатау ауданында салынып жатқан автопарк құрылысының 60 пайызының аяқталғанын баяндады. Қазірдің өзінде техникалық қызмет көрсету, автожуу, диспетчерлік қызмет, жатақхана нысандары салынған және бұларға ішкі әрлеу жұмыстары жүруде.
Нысан пайдалануға толық берілгенде 650 жаңа жұмыс орны құрылады. Газбен дәнекерлеу жабдықтары сатып алынды. Биылғы жылдың жаз айларының басында жұмысты аяқтау жоспарланған.
Дәл осы күні мегаполис басшысынаа «Бату travel» компаниясының 130 автобусқа арналған автобус паркінің құрылысы көрсетілді. Жобаға тартылған жеке инвестиция көлемі 1,3 млрд. теңге. Автопарк Алатау ауданында бой көтереді. Сонымен, Индустриалды аймақ маңында қаланың қоғамдық көлігіне қызмет көрсететін кәсіпорындар кластері пайда болады.
Жұмыс сапары кезінде Бауыржан Байбек №99 бағытты жаңарту үшін «CityBus» автопаркі сатып алған «Golden Dragon» маркалы автобустарды көрді.
Жаңа үш есікті, төмен еденді, кондиционерлермен, электронды таблолармен, видео камералармен жабдықталған әрі Евро-5 экологиялық стандартқа сай автобустар осы сенбі күні Әйгерім және Көктөбе елді мекендеріне қызмет көрсетуге шығатын болады.
«Бизнесті дамыту үшін біз Алматыға бет бұрдық, мұнда нарық үлкен әрі жайлы инвестициялық ахуал орныққан, оның үстіне тасымалдаушыларға субсидия қарастырылған», - деді «CityBus» ЖШС өкілі Амангелді Әбдірахманов.
Айта кетерлігі, Алматыда жүзеге асқан көлік реформасы барысында 2018 жылы қала бағыттары бойынша 500 жаңа автобустар жүре бастады. Биылғы жылы қаланың автобус паркі қосымша жаңаратын болады. Сонымен қатар, «Алматыэлектротранс» ЖШС қаржысы есебінен газбен жүретін тағы 200 жаңа автобус алынады.




