Алматы әкімдігі мен Алматыны дамыту орталығы 40-тан астам сарапшымен бірлесіп, «Алматы – адамдар үшін жаһандық қала» бағдарламасын әзірледі, онда мегаполисті 2025 жылға дейін дамытудың негізгі басымдықтары мен 2030 жылға дейінгі орта мерзімді перспективалар көрсетілген. Қала тұрғындары бағдарламамен танысып, өз ұсыныстарын «Алматыны дамыту орталығының» сайтында 2022 жылдың 1 шілдесіне дейін қалдыра алады.
Жоспарда алматылықтардың өмірін едәуір жақсартуға бағытталған, оның ішінде ерекше қажеттіліктеріне, әлеуметтік мәртебесіне, жынысы мен жасына қарамастан барлық қала тұрғындары үшін әлеуметтік игіліктерге тең қолжетімділікті қамтамасыз ету бойынша шаралар көзделген.
Инклюзивтілікті, әлеуметтік орнықтылықты және тұрақтылықты арттыру үшін мегаполисте 5 бастама іске асырылады, олар: ерекше қажеттіліктері бар азаматтар үшін кедергісіз орта ұйымдастыру; білім беру және денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту; жастардың дамуы мен өзін-өзі дамытуы үшін тең мүмкіндіктер жасау; белсенді мәдени өмір; салауатты өмір салты мен спорт үшін дамыған инфрақұрылым.
Айта кетерлігі, қазір қалалық нысандардың тек 10%-ы ғана халықтың мүмкіндігі шектеулі топтары үшін қолжетімді. 2030 жылға қарай бұл көрсеткішті 75%-ға дейін арттыру жоспарлануда. Жыл сайын ерекше қажеттіліктері бар азаматтар мен кәсіпкерлер іске асыратын 50 әлеуметтік стартапты қолдау, сондай-ақ ерекше қажеттіліктері бар балалармен жұмыс істейтін 1,2 мың педагогтың біліктілігін арттыру көзделген. Белгілерді ерте анықтау және түзету арқылы балалардағы мүгедектік деңгейін 10%-ға төмендетуге қолжеткізу жоспарлануда. Мүгедек адамдардың техникалық оңалту құралдарымен қамтамасыз етілуін 80%-дан 100%-ға дейін жеткізу қарастырылған.
Жоспарда халықтың өсуін ескере отырып, 2025 жылға қарай оқушы орындарының тапшылығын 19,6 мыңнан 7,3 мыңға дейін және 2030 жылға қарай 4,3 мыңға дейін азайту көзделген. Халықтың медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігіне қанағаттануы 2030 жылы 53%-дан 70%-ға дейін өсуі тиіс. Ал бірқатар шаралардың арқасында сапалы медицинамен әрбір алматылық қамтылуы тиіс.
2025 жылға қарай Алматы мәдени іс-шаралар саны мен аудиторияны қамту бойынша Орталық Азияда көшбасшы болуға тиіс. Қала тұрғындарын мәдени өмірге тарту 50%-ға дейін өскені жөн. Сондай-ақ, спортты дамытуға және салауатты өмір салтын насихаттауға үлкен көңіл бөлінеді. 2030 жылға қарай мегаполис тұрғындарының жартысы денешынықтырумен және спортпен қамтылады.