
Жақында ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әкімдермен кеңес өткізіп, аз қамтылған азаматтарға жалдамалы пәтерлер бөлуді бастауды және халықтың тұрмысына оң әсер ететін инфрақұрылымдық сипаты бар жүйелі мәселелерге назар аударуды тапсырған еді. Олар ТҮКШ саласындағы проблемалар - жылу, сумен қамту, судан бөлу, жолдар мен газдандыру.
Қазіргі кезде Алматыда «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 60 үйдің құрылысы жүруде, ал жыл басынан бері 308 пәтерлі 7 үй іске қосылды. Жалпы, 2019 жылы бюджет есебінен 2 млн. шаршы метрден астам тұрғын үй салу жоспарланған. Қалада Елбасының бастамасымен «7-20-25» бағдарламасы жүзеге асуда. Республика бойынша банкілер қараған және қабылдаған барлық өтінімдердің 25%-дан астамы Алматыға тиесілі.
Жаңа объектілерді қараған Бауыржан Байбек Ақбұлақ ықшам ауданында пайдалануға берілген үйлердің тұрғындарымен тікелей сөйлесіп, олардың ұсыныстарын жеке тыңдап, бақылауға алды.
Жоспарсыз кездесу барысында тұрғындар қала әкімінен тағы бір мектеп пен үйлерді байланыстыратын жол салуды сұрады. «Алматы Арена» стадионына қарсы бағдаршам орнатуды, қоғамдық көліктің қосымша бағыттарын ашуды өтінді.

Өз кезегінде қала әкімі дәл сол жерде екі ай ішінде жаяу жүргінші жолын жасауды, тиісті бағдаршам орнатуды және Б.Момышұлы көшесі жағынан тұрғын үйлерге баратын қосымша жол салуды тапсырды. Тұрғындарға Атлеттер ауылына қарама қарсы салынып жатқан 600 орынды жаңа мектептің биылғы күзде пайдалануға берілетіні айтылды. Бұлардан өзге, биыл Алатау ауданында жаңа автобус паркі іске қосылып, соның арқасында қоғамдық көліктің жаңа бағыттары ашылады.
Айта кетерлігі, бұрындары Бауыржан Байбек «Нұр Отан» партиясының қалалық бюросының отырысында «Ақбұлақ», «Қарасу», «Ұлжан-2», «Алғабас-АЗТМ», «Әйгерім-1», «Әйгерім-2», «Ұлжан-1», «Шаңырак-1», «Шаңырақ-2», «Томирис», «Дархан-Байбесік», «Көк Қайнар» елді мекендерінде 440-тан астам жолды салу мен жөндеу үшін қаржы бөлуді тапсырған еді.
Алматы әкімі асфальт төселген жолдар проблемасының толық шешімін таппағанын айтты. Әкімдіктің электронды қоғамдық қабылдауы «Open Almaty» арқылы осы мәселеге қатысты 100-ден астам шағым түскен. Инженерлік желілерді жүргізген жауапсыз мердігерлер салдарынан келеңсіз жайлар орын алған.
«Маған алаңдаушылық білдірген тұрғындардан шағымдар жиі түседі. Жағдайды реттеген жөн, адамдар қиналмауы тиіс. Сондықтан бұрыннан жоспарланған республикалық бюджеттегі 3 млрд. теңгеге қоса бірқатар жобаларды оңтайландыру есебінен 12 ықшам ауданға жол салу үшін жергілікті бюджеттен тағы 4 млрд. теңге бөлуді қамтамасыз ету қажет. Аудан әкімі тиісті басқармалармен бірге жұмыстың сапасы үшін жеке жауап беретін болады. Атқарылған жұмыстарға тұрақты түрде жиі тексерулер жүргізіледі», - деді қала басшысы.
Соңғы 10 жыл ішінде қалаға қосылған ауданда 12 мектеп, 5 емхана,16 мемлекеттік және 96 жеке бала бақшалар, бірқатар спорт және мәдени ғимараттар бой көтерді. Бірнеше жолайрықтары, 100 шақырымға жуық жолдар салынды, 688 км су құбыры, 453 кәріз, құбыры, 223 км электр және 276 км газ желілері тартылды.