Алматыдағы этноспорттың Бүкіләлемдік конфедерациясының Халықаралық форумына 30 елдің өкілдері келді

Алматыдағы этноспорттың Бүкіләлемдік конфедерациясының Халықаралық форумына 30 елдің өкілдері келді

Форумға қатысушыларды құттықтаған Алматы әкімі Бауыржан Байбек 2021 жылы Қазақстанда алғаш рет спорттың ұлттық түрлерінің Бүкіләлемдік ойындарының өтетіні халқымыздың тарихын, мәдениеті мен өнерін ғана көрсетіп қоймайтынын, сонымен қатар өскелең ұрпақтың мақсат-мүддесін арттыруға оң ықпал ететінін атап өтті.

«ЮНЕСКО-ның бастамасы бойынша Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығында Қазақстанда алғаш рет спорттың ұлттық түрлерінің Бүкіләлемдік ойындары өтеді. Бұл туралы шешім Стамбулдағы Консультативті кеңесте қабылданды. Елбасы өзінің «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласында айтып өткендей, ұлттық ойындардың тарихы біздің ата-бабаларымыздың көшпелі тұрмысымен тығыз байланысты және сол арқылы біз бүкіл әлемге халқымыздың тарихын, мәдениеті мен өнерін паш ете аламыз», - деп атап өтті Бауыржан Байбек.

Алматыдағы халықаралық форумға Түркияның жастар мен спорт министрімен бірге этноспорттың Бүкіләлемдік конфедерациясының президенті Билал Эрдоган қатысуда.

«Дәл осындай алғашқы форум Стамбулда өткен болатын, онда әлем бойынша ұлттық спорт түрлерін дамытудың маңызды мәселелері талқыланған еді. Біз бұл форумды Алматыда текке өткізіп отырған жоқпыз. Өйткені Қазақстан Республикасы ұлттық дәстүрлердің сақталуына, өз мәдениетінің дамуына айрықша мән береді. Қазақстандық тарапқа, сонымен қатар сіздердің елдің этноспорт Ассоциациясына мынадай маңызды шараны барынша жоғары деңгейде ұйымдастырғандары үшін алғысымды білдіремін», - деді Билал Эрдоган.

Форумның жұмысына Қазақстан Республикасы этноспорт Ассоциациясының президенті Қайрат Сатыбалды, Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Парламент Мәжілісінің депутаты Бекболат Тілеухан және басқалары қатысуда.