
Өзінің құттықтау сөзінде мегаполис әкімі Бауыржан Байбек бүгінгі таңда Алматының жоғары инвестициялық тартымды қала ретінде қалыптасқанын атап өтті. Тек үш ай ішінде ғана шетелдік инвестициялар 21,4%-ға артып, 111,1 млрд. теңгеге жетті.
«Зауыт 700-ден астам алматылықтарды тұрақты жұмыспен қамтиды, ал бұл - біз үшін ең басты көрсеткіш. Қала тарапынан дайын инфрақұрылымдары бар 25 га жер бөлінді. Қазіргі кезде Алатау ауданындағы Индустриалды аймақта 144 млрд. теңгенің 39 жобасы жүзеге асырылуда. Жапондық, неміс және қытайлық, ресейлік капиталмен 5 зауыт ашылды. 800 жоғары білікті жұмыс орындары пайда болды. Биылғы жылы инвестиция көлемі шамамен 367 млрд. теңге болатын тағы 4 кәсіпорын іске қосылады, оның ішінде болат құбырларын шығаратын ірі қазақстандық-қытайлық «Asia Steel Pipe» зауыты бар, - деді Бауыржан Байбек.
Өз кезегінде Қазақстанның Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр бұл еліміздің машина жасау индустриясын дамытудағы маңызды стратегиялық қадам екенін атап өтті.

«Аталған кәсіпорынның өнімдері ішкі нарыққа, сонымен қатар өзге елдерге экспортқа шығарылатын болады», - деді Роман Скляр.
Алғашқы кезеңде зауыт қуатына 30 мың автомобиль жасайды, ал екіншісінен бастап олардың санын жылына 45 мыңға дейін арттырады. Осының арқасында қазақстандық нарық Hyundai маркалы сапалы әрі бағасы қолжетімді көліктермен толығады және ТМД елдеріне экспортталады. Жоба инвестициясының жалпы көлемі 25 миллиард теңге. Жеке қаржымен қоса коммерциялық шарт бойынша заем тартылады.
Зауытта дәнекерлеуші, бояушы, жинақтаушы, пластикалық панелдерді өндіруші цехтар мен сапаны бақылау учаскесі болады. Кәсіпорын Оңтүстік Корея мен Жапонияның жаңа технологиялы қондырғыларымен жабдықталады. Зауытта Hyundai көлігінің барлық модельдері жасалады. Алғашкы кезде Accent моделінің толық циклы қолға алынады, кейінірек Creta моделін шығару жоспарланған.

ЕАЭО елдерімен және өнеркәсіптік кооперациялармен іскерлік байланыс орнату арқылы көлік жасау локализациясы 50%-ға жетеді. Болашақта автокомпоненттер шығаратын зауыт салу қарастырылған, бұл Қазақстандағы локализация деңгейін арттырады.
2019 жылдың соңына дейін өндірістік цехтарды салу жоспарланған, ал 2020 жылы зауыт конвейерінен алғашқы автомобиль шығатын болады.