
Оқушыларды, ұстаздар мен ата-аналарды оқу жылының аяқталуымен құттықтаған Бауыржан Байбек қалада соңғы үш жылдың ішінде 3 жаңа қазақ мектебінің ашылғанын, оның екеуінің жеке инвесторлармен әріптестік ынтымақтастық барысында салынғанын атап өтті.
Алдағы оқу жылында Алатау ауданында тағы бір қазақ мектебі ашылады, тағы екі қазақ мектептерінің жанынан 400 және 900 орынды қосалқы нысандар іске қосылады. Елбасының тапсырмасы бойынша таяу уақытта 7900 орынды тағы 8 жаңа мектеп салу жоспарланған.
«Қазіргі кезде қалада заманауи сапалы білім алу үшін барлық жағдайлар жасалған. Елбасы үнемі XXI ғасыр – білім мен ғылым ғасыры деп айтып келеді. Тек білімді әрі білікті кадрларды өсіргенде ғана біз қуатты және гүлденген мемлекетке айналамыз. Мемлекет және қала әкімдігі тарапынан балалардың әлеуметтік жағдайына да ерекше мән берілген. Биылғы оқу жылында қала мектептерінде үздік оқитын, көпбалалы отбасынан шыққан 2614 оқушы жергілікті бюджет есебінен стипендия ала бастады», - деді Бауыржан Байбек.
Айта кетерлігі, биылғы жылы 236 мың оқушының 98,7%-ы мектеп жанындағы және қала сыртындағы 800-ге жуық лагерьлерге баратын болады, оған жергілікті бюджет есебінен 232,4 млн. теңге қаржы қарастырылды. Қалған балалар түрлі үйірме және клубтармен, спорттық секциялармен қамтылатын болады.
Соңғы 5 жыл ішінде білім саласын қаржыландыру екі есе өсті. 78 мемлекеттік объектілерге сейсмикалық күшейту жүргізілді. Қала мектептері физика, химия, биология және лингафонды-мультмедиялық кабинеттермен 100% қамтылған. Тек өткен оқу жылында ғана қала мектептері үшін 1,9 млрд. теңгенің 4 мыңға жуық мультимедиялық жабдықтары алынды. Биылғы жылы 2,5 мыңның мультимедиялық комплекттерін, 55 робот техникасын және 1000 мектеп жиһаздарын алу жоспарланған.
Бұлардан өзге, «Алматы − адалдық алаңы» жобасы аясында Алматының барлық 204 мектептерінде ата-аналар үшін «қонақ бөлмесі» ашылды.


