
«Биылғы жылы сіздердің ауданда жаңа аулалардың үлесі 87%-ға дейін жететін болады. Көшелерді орташа жөндеу, арықтар салу және сыртқы жарықты қамтамасыз ету жоспарланған. Осы бірнеше жыл ішінде 252 көшеге асфальт төселді, 200 километрден астам су құбырлары мен кәріз желілері тартылды, тұрғын үйлер көп салынуда. Яғни біз болашақта тұрғындар санының өсетінін ескере отырып, барлық шараларды жалпықалалық стандартқа сай белсенді түрде жүргізудеміз», - деді Бауыржан Байбек Қалқаман ықшам ауданындағы аулалары жөнделген тұрғындармен кездесу кезінде.
Алматы әкімі жұмыс сапары барысында ұзындығы 1,7 км болатын Сәбденов көшесінің жөнделетін бөлігін қарап шықты. Жоба бойынша мұнда жолға орташа жөндеу жүргізіледі, экологиялық тротуар плиткасы төселіп, жүргінші аймағы, спорт және балалар алаңдары пайда болады, арық желісі жасалады.
«Қала адамдар үшін» деген қағида кедергісіз жайлы орта, көлеңкелі кеңістік, ыңғайлылық және қауіпсіздік. Бұл учаскеде тек қоршаулар тұр, ағаштар жоқ. Сондықтан тротуарлардан жаяу жүргіншілерге кедергі келтіретін діңгектерді, қоршауларды алып тастау қажет. Тиісті түзетулер енгізіңдер және жұмысты жеделдетіңдер», - деп тапсырды Бауыржан Байбек.
Алматы әкімі №184 бала бақшаға қайта барып, пайдалануға берілген кезде аумақты көркейту және жарықтандыру бойынша айтылған кемшіліктердің қалай түзетілгенін тексерді. Ол білім мекемесінің айналасында ағаштардың аз екенін, балалар алаңдарындағы кейбір элементтердің заманауи стандарттарға сай еместігін ескертті. Анықталған барлық кемшіліктер мердігердің есебінен қалпына келтіріледі.
Айта кетерлігі, 320 орынды бала бақша бюджет қаржысына салынған, мұнда оқыту мен тәрбиелеудің жаңа әдістері қолданылады, ерекше білім беруді қажет ететіндерге барлық жағдайлар жасалған, тілінің мүкісі бар 30 бала үшін 2 коррекциялық топ жұмыс істейді.
Соңғы бірнеше жыл ішінде қалаға қосылған ауданда әкімшілік-іскерлік орталық бой көтерді, 252 көшеге асфальт төселді, 200 километрден астам су құбырлары мен кәріз желілері тартылды. Бірнеше мектеп және 76 бала бақша ашылды. 4 емхана мен жедел медициналық көмектің стансасы іске қосылды.
Биылғы жылы көшелерді орташа жөндеу, арықтар салу, сыртқы жарықты жасау және Таужолы, Құрамыс, Жайлау елді мекендерін сумен қамту үшін жаңа желілер жүргізу жоспарланған. 15 мың пәтерлі 229 тұрғын үйдің құрылысы жүруде. Таяуда салынатын 1200 орынды мектептің, жаңа сквердің, 200 бірлікке арналған автобус паркінің жобасы жасалуда. Жеке инвестицияны тарту арқылы тоқыма фабрикасын, сауда-сауық кешені мен басқаларын салу жоспарланған.



