
Мерекелік шеруге қатысқан барабаншылар, черлидерлер, үрлемелі оркестрлер мен би ұжымдарының колонналары Астана алаңынан бастау алып, Төле би және Панфилов көшелерімен жүріп өтті. Шеру Жібек жолы көшесіндегі ерекше флэшмобпен қорытындыланды.
«Оркестрлер шеруі – бұл тек балалар мен жастардың музыкалық мәдениетінің деңгейін көтеру ғана емес, сонымен бірге өзі оқитын білім ұясына деген мақтаныш сезімін ояту, қаланың оқу орындарының беделін арттыру. Бұдан өзге, оқушылар мен студенттердің көше-фестивальдік шеруін дамыту - эстетикалық әрі патриоттық тәрбиенің маңызды факторы», - деп атап өтті Білім басқармасы басшысының орынбасары Ләззат Жылқыбаева.
Мерекелік бағдарлама бойынша көрермендер алдында отандық эстрада жұлдыздары, оның ішінде Raim мен Artur, Серік Ибрагимов, «Сенім» вокальді-хор студиясы өнер көрсетті. Ең кішкентай қонақтар үшін түрлі интерактивті ойындар мен конкурстар ұйымдастырылды.
Айта кетерлігі, Балаларды қорғаудың халықаралық күні Орталық мәдениет және демалыс саябағында «Бозторғай» балалар шығармашылығы XХI Халықаралық конкурсы лауреаттарының гала-концерті өтті. Оған Испанияның, Болгарияның, Латвияның, Арменияның Тәжікстанның, Өзбекстанның, Израилдің, Қырғызстанның және басқа елдердің 600-ден астам конкурсанттары қатысты. Мерекеге орай саябақта жеңілдіктер ұйымдастырылды, кішкентай қонақтарға балмұздақтар таратылды.






