
Конституция күніне арналған салтанатты жиында Бақытжан Сағынтаев қалада "Бюджетке қатысу" жобасы іске қосылғанын хабарлады. Әр ауданға 500 млн. теңгеге дейін қаржы бөлінбек. Ол қаражатты тұрғындар аудан қажеттілігіне жұмсайды. Қала әкімінің пікірінше, әлеуметтік игіліктермен қамтамасыз етілген орталық аудандардың тұрғындары қаражатты абаттандыруға жұмсаса, жаңа Алматының тұрғындары бұл соманы әлеуметтік инфрақұрылымға бағыттай алады. Осылайша қала тұрғындары өздерінің ықшамаудандарын немесе аудандарын басқаруға, өмірдің сапасын анықтайтын күнделікті мәселелерді шешуге қатысуға нақты мүмкіндік алмақ.
Алматыдағы Қоғамдық кеңестің өкілеттігі кеңейтіледі
Конституция күніне арналған салтанатты жиында Бақытжан Сағынтаев Қоғамдық кеңестің рөлін күшейтуді ұсынды. Ол үшін шаһар басшысы кеңестің санын 37 адамға дейін ұлғайтуды ұсынды. Қоғамдық кеңес жылына бір рет қаладағы жағдайды қамтитын баяндама әзірлейді. Бұл баяндамада маңызды мәселелерді шешуде әкімдікке берер ұсыныстар да бар.
Мәслихаттың рөлін қалай арттырамыз?
Қала әкімі Бақытжан Сағынтаев Конституция күніне арналған салтанатты жиында қалалық мәслихаттың рөлін арттыру қажеттігі туралы мәлімдеді. Әсіресе, бюджетті қабылдау және қаражаттың жұмсалуын бақылау процесінде. Осы мақсатта шаһар басшысы "Nur Otan" партиясының филиалы жанынан әлеуметтікэкономикалық мәселелерді қарау жөніндегі азаматтық комитет құруды ұсынды. Қала тұрғындары осы комитетке келіп, сұрақтарын қоя алады. Өз кезегінде комитет мемлекеттік органдармен бірлесіп, мәселенің шешу жолдарын қарастырып, олардың орындалуын бақылайды
Алматыдағы азаматтық қоғамның пікірі маңызды
Конституция күніне арналған салтанатты жиында Бақытжан Сағынтаев айтқандай, қала әкімдігі Қазақстанның Азаматтық Альянсымен және жергілікті белсенді ҮЕҰ-мен бірлесіп, мегаполистің азаматтық қоғамымен өзара іс-қимыл тұжырымдамасын әзірлеуде. Сондай - ақ, барлық мүдделі тараптармен талқыласу үшін Urban-форум алаңы құрылады. Қала халқы, ҮЕҰ өкілдері, девелоперлер, инвесторлар, стартап-жобалардың бастамашылары, медиа және сараптамалық қауымдастық өкілдері қаланы одан әрі дамыту және алматылықтардың өмір сүру сапасын арттыру мәселелерін талқылайды.
Алматылықтардың саяси және құқықтық мәдениетін қалай арттырамыз?
Әкімдік қалада рұқсат етілген митингілерді өткізетін орындардың жаңа нұсқаларын қарастырады
"Мен мәслихатқа "Сары-Арқа" кинотеатрының артындағы скверден бөлек азаматтардың бейбіт жиналыстарын өткізуге арналған тағы бір орынды белгілеу туралы өтініш білдірдім", - деді Конституция күніне арналған жиналыста Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев.
Бұл шешім қаладағы саяси және құқықтық мәдениеттің сапасы мен деңгейін жаңа бір белеске көтермек.