
Құрметті марапатты тапсыру міндеті Мемлекет басшысының көмекшісі Мәулен Әшімбаев пен Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаровқа берілді. Президент Жарлығында айтылғандай, А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері Р.Сыздық қоғамдық қызметте сіңірген ерекше еңбегі, сондай-ақ отандық ғылымның дамуына қосқан елеулі үлесі үшін І дәрежелі "Барыс" орденімен марапатталады.
М.Әшімбаев пен Е.Бабақұмаров Р.Сыздыққа көпжылдық еңбегі үшін жылы лебіздерін білдіріп, денсаулық тіледі.
Рабиға Сыздық - тілтанушы, түркітанушы, филология ғылымдарының докторы (1971 ж.), профессор (1989 ж.), ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі (1979 ж.), ҚР еңбек сіңірген ғылым қайраткері (1984 ж.). Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын тәмамдады (1947 ж.). Аспирант (1951 ж.), оқу-педагогикалық баспасының редакторы және редакцияның меңгерушісі, кіші ғылыми қызметкер (1957-1961 жж.), Қазақ тілі тарихы және диалектология бөлімінің меңгерушісі (1961-1967 жж.), аға ғылыми қызметкер (1967-1980 жж.), А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының аға ғылыми қызметкері (1967-1980 жж.).
Оның жетекшілігімен қазақ әдеби тілі мен қазақ тілі мәдениетін дамыту мәселелері бойынша зерттеулер жүргізілді. Этимологиялық және басқа да лексикологиялық ізденістер бойынша жұмыстарға басшылық етті.
Сонымен қатар 10 томдық "Қазақ тілінің түсіндірме сөздігін", "Орфографиялық сөздікті", үлкен "Қазақша-орысша" сөздігін редакциялауға қатысты. Қазақ лингвостилистикасының ғылыми бағытының негізін қалап, осы салада ғылыми кадрлар даярлап, жоғары оқу орындарының тәжірибесіне үлкен үлес қосты. А.Байтұрсыновтың шығармашылығын зерттеді.
130-дан астам ғылыми жұмыстардың авторы. Соның ішінде 9 монография, оқулықтар мен оқу құралдарының авторы.