
Алматы әкімі болып тағайындалған күннен бастап Б. Сағынтаев барлық аудандардағы жағдайды өз көзімен көруді және тұрғындардың өтініштерін жеке естуді алдына мақсат еткен еді. Екі ай ішінде барлық аудандарда кездесулер өтті, әсіресе жағдайлары күрделі әрі коммуналдық инфрақұрылымдарды, жолдарды, көше жарығын жасау, қоғамдық қауіпсіздікті қалыптастыру, әлеуметтік қызметтерге қолжеткізу бойынша ең көп сұрақтар қойылған Алатау және Наурызбай аудандарында бастау алды.
Кездесулер еркін форматта өтті, аудан тұрғындарына кездесу өтетін орын мен уақыт алдын-ала хабарланды. Жалпы, бүгін қала әкімімен кездесуге 3,5 мыңнан астам адам келді. 450 тұрғын шығып сөйледі, 900-ге жуық сұрақтар қойылды. Сауалдар негізінен күнделікті шаруашылық-тұрмыстық проблемаларды қамтыды, олар: ТҮКШ, абаттандыру, аула жарығы, қоғамдық қауіпсіздік, ұрлықпен күрес, қоқысты тазарту, арық, кәріз желілері, қаңғыбас иттер және басқалары. ПИК-тердің жұмыстарына наразылық көп айтылды.
Мәселелердің бір бөлігі шешілуде – көше мен аулаларға жарық жүргізілуде, аудан әкімдері абаттандырумен айналысуда.
Мектептер мен бала бақшалардың, емханалардың, спорт нысандарының тапшылығы сынды жалпыға ортақ мәселелер көтерілді, бұлардың барлығы Алматыны дамыту жоспарына сай шешілуде.
Еске салсақ, «еркін микрофон» форматындағы кездесулерден өзге Б. Сағынтаев жұмыс сапары кезінде проблемалы учаскелерді аралап шықты. Мысалы, шілде айының басында Шұғыла ықшам ауданының тұрғындары күтім көрмеген аулалар мен көппәтерлі үйлердегі газдың жоқтығына шағымданған еді.
Қала басшысы Наурызбай ауданының әкіміне және осы мәселемен айналысатын қызметтерге тұрғындар көтерген проблеманы шешу бойынша тапсырма берді. Арада бір ай өткен соң, 2 тамызда ықшам аудандағы 14 үй газға қосылды, ондаған аула абаттандырылды, жолдар мен бордюрлер ретке келтірілді. Футбол және спорт алаңдары жөнделді. Мұның барлығын Б. Сағынтаевтың жеке өзі барып көрді.
Қала әкімі тұрғындармен кездесудің еркін форматының тиімділігін атап өтті, енді мұндай жүздесуді тоқсан сайын бір рет өткізетін болады. Қала басшысының тапсырмасы бойынша аудан әкімдері мен басқармалар басшыларының тұрғындармен көшпелі кездесулерінің және ашық есік күндерінің жоспар-кестесі жасалды. Аптасына бір рет, әр дүйсенбі сайын қала әкімі тұрғындармен кездесу кезінде қойылған сұрақтар мен азаматтар өтініштерінің қалай шешіліп жатқандығы жөнінде есептерді тыңдайды. «Уақыттың басты талабы - «тыңдай білетін мемлекеттік қызметкер», - деп атап өтті Б. Сағынтаев.





