
Спикер барлық ЖКО жол қозғалысы Ережесін сақтамау мен бұзудан (олардың ішінде тек көлік жүргізушілер ғана емес, жаяу жүргіншілер, велосипедшілер мен самокатшылар және басқалары бар) болатындығын, жылдамдық режимі солардың бір құрамдас бөлігі ғана екенін қадап тұрып айтты.
«ЖКО статистикасы МКА құрамына енетін магистральда апаттың төмен екенін көрсетті, мысалы Әл-Фараби даңғылында апатты жағдайлар Төле бимен салыстырғанда аз. Тіпті, апаттың неден болғаны да жіті тексерілмейді, көлік жүргізуші мас болып, жол-көлік оқиғасына ұрынса, магистральдегі жылдамдық режимінің оған қандай қатысы бар?! Басқа апаттардың салдары да міне, осында», - деді Э. Эдоков.
Ол өзінің сөзінде мегаполистерде түрлі көше типтері үшін түрлі жылдамдық режимдерінің қолданылатынын әлемдік тәжірибенің көрсетіп отырғанын айтты. Мәселен:
- жергілікті жолдарда (мектептерге, ауруханаларға, магазиндерге жақын орналасқан тұрғын үйлер бар Төлебаев, Жамбыл, Бөгенбай батыр және басқа көшелерде) – жылдамдық 40 км/сағат;
- магистральды жолдарда (Төле би, Абай, Сәтпаев, Сейфуллин, Назарбаев, Розыбакиев және басқалары) – 60 км/сағатқа дейін;
- қалалық магистральдерде (көпжолақты, бағдаршамсыз, бұрылыссыз) – кіші көлік айналымы (Рысқұлов, Райымбек, Сайын, Әл-Фараби, ШААЖ) – 90 км/сағатқа дейін.
Брифинг спикері үлкен қалаларда айналмалы көлік магистральдарының орталық көшелердегі жүктемені азайту және қаланың бір шетінен екіншісіне жылдам жету, транзитті трафикті қайта бағыттау үшін қажет екенін баса көрсетті. МКА сол үшін құрылған болатын.
«Жаяу жүргіншілер үшін жылдамдығы жоғары көлік магистральдері қауіпті, сондықтан оларға шектеу қойылады, айтпақшы VisionZero принциптерінің бірі осыған негізделген, яғни жаяу жүргінші жылдамдығы жоғары жолдарды кесіп өтпеулері тиіс», - деді автосарапшы.
Алматының кіші көлік айналымы – бұл Әл-Фараби даңғылын, Сайын көшесін, Рысқұлов даңғылын, Құлжа трактін, Шығыс айналма жолын қамтитын бөлік, 2011 жылы соңғысы іске қосылған соң шектелді. Кіші көлік айналымының жалпы ұзындығы - 39,2 км. Әр учаскедегі автожолдар ені түрлі учаскелерде 4-тен 6 жолаққа дейін. Қаланың 8 ауданының 6-ын қамтиды.
