
Оңтүстік астанада «Жібек жолы – диалог жолы» атты халықаралық көпкүндік экспедиция жолға шығады. Экспедицияны ұйымдастырушы – Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі туризм индустриясы Комитетінің тапсырысы бойынша «Kazakh Tourism» ҰҚ» АҚ.
Бүгін Visit Almaty туристік ақпарттық орталықтың алаңында экспедицияға арналған баспасөз мәслихаты өтті. Спикерлер - «Kazakh Tourism» ҰҚ» АҚ маркетинг, цифрландыру және коммуникация департаментінің менеджері Дархан Тегенбаев, экспедиция басшысы Әбілхайыр Ахмеджанов, жоба гиді Болат Ізмағамбетов және «QazaqGeography» РҚҰ өкілі Айжан Жұматаева.
Бұл жобаның басты мақсаты туристік нысандарды оңтайландыру арқылы ішкі және сыртқы туризмнің әлеуетін дамыту, инфрақұрылымды жақсарту бойынша ұсыныстар әзірлеу, жаңа трансшекаралы бағыттарды анықтау. Шетелдік қонақтарға Қазақстан мен Қырғызстанның, Өзбекстанның тұрғылықты халқының мәдениетін үйрену және киелі орындарды көру өте қызық.
Экпедицияны ұйымдастырушылар Н. Ә. Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында және «Рухани жаңғыру» бағдарламасында орын алған Қазақстанның мәдени-географиялық нысандарының туристік маңызын арттыруға үлес қосуды өздеріне міндет санаған.
Экспедиция құрамында журналистер, фотографтар, телеарналардың түсіру топтары, тревел-блогерлер мен туроператорлар бар. Он үш күн ішінде экспедиция мына бағыттар бойынша жүретін болады: Алматы – ҮАК- Есік шатқалы - Шарын каньоны – Көлсай – Қаракөл – Каджи-Сай – Токмок – Суусамыр – Талас – Тараз – Ақмешіт үңгірі – Сауран – Түркістан – Арыстан-баб – Отырар – Шымкент – Ташкент – Самарканд – Қазығұрт – Мерке – Таңбалы – Алматы.
Шара қорытындысы бойынша болашақта турларды дамыту үшін маңызды және қызықты орындар нақтылы бағыттар, сапалы суреттерімен видеоматериалдар бойынша анықталады. Кейін бұл құнды ақпарат отандық және Қырғызстан мен Өзбекстанның туркомпанияларына ұсынылады.