
Алматының «109» нөмірлі Құтқару қызметіне қалалықтар таңғы сағат 04:31-ден телефон шала бастады. Барлығы 13 өтініш түсті. Құтқарушылар жаңбыр зардаптарын жою үшін мекенжайлар бойынша аттанды, әсіресе Алатау ауданынан өтініш көп түсті.
«Ақбұлақ» ықшам ауданындағы Бейсекбаев көшесінде су сору жұмыстары аяқталды, мұнда нөсер жаңбыр салдарынан төрт жеке үйді су басқан. Осы ықшам ауданның: Самади, Нұрпейісов, Сухэ-Батор көшелері тұрғындарынан ауланы, жертөле мен жеке үйлерді су басқаны туралы «109» нөміріне өтініштер түсті.
Мұнда зардаптарды жоюмен Алатау ауданының мердігерлік ұйымдары айналысты. Әуезов ауданында Райымбек даңғылы мен Сайын көшесі бойындағы жолайрығы суға толған, құтқарушылар жаңбырдың зардаптарын аудандық әкімдіктің және «Алматы су» коммуналдық қызметінің күштерімен жойды. Құтқару операцияларына Алматының Құтқару қызметінің 9 қызметкері, 2 техника бірлігі және 4 мотопомпа қатысты.




