
Алматы қаласы Стратегия және бюджет басқармасының басшысы Алмас Батанов Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде «Бюджетке қатысу» жобасының жаңа кезеңінің басталғанын хабарлады. 2021 жылы 273 жоба мақұлданды, оның ішінде 6 млрд теңгенің 267 жобасы іске асырылуда. Бүгінде 107 жоба пайдалануға берілді.
Айта кетерлігі, бұған дейін Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев қала активінің отырысында «Бюджетке қатысу» жобасы аясында қаржыландыруды көбейту ғана емес, шеткі аймақтарда жобаларды іріктеу процедураларының одан әрі жетілдірілетінін атап өткен еді. Осыған орай, жыл бойы тұрғындардан ұсыныстар жинау жоспарлануда. Еске салсақ, «Бюджетке қатысу» жобасы елімізде алғаш рет 2019 жылы Алматыда жүзеге асырылды.
«Бюджетке қатысу» - бұл аумақтарды тиімдірек басқару үшін азаматтар мен жергілікті атқарушы орган арасындағы диалог. Жобаның мәні – кез келген қала тұрғыны қалалық ортаны дамыту үшін өз идеясын ұсына алады», - деп түсіндірді А. Батанов.
Қала әкімдігінің Стратегия және бюджет басқармасының басшысы егер 2019 жылы тұрғындардан 333 жобалық ұсыныс түскен болса, онда 2020 жылы қазірдің өзінде 796 ұсыныс бар екенін айтты.
«2021 жылы 796 жобалық ұсыныстан құны 7,3 млрд теңге болатын 273 жоба қолға алынды, оның ішінде 6 млрд теңгеге 267 жоба іске асырылуда, бүгінде құны 2,1 млрд теңге болатын 107 жоба орындалды», - деді А. Батанов.
Басқарма басшысы алматылықтар көбінесе аулаларды, саябақтарды, скверлерді жөндеуге, ШАП, спорт және ойын алаңдарын орнатуға, суармалы арықтарды жөндеуге дауыс беретінін атап өтті.
Бүгінде әр адам қалалық ортаны дамытуға қатысты өз ойымен бөлісе алады. А. Батанов 2022 жылға арналған “Бюджетке қатысу” жобасына дайындық жүріп жатқанын айтты.
«23 тамыздан бастап жобаға ұсыныстар қабылдай бастадық. Алматылықтар 1 қазанға дейін ұсыныстарын budget.open-almaty.kz порталы арқылы жібере алады. Ол үшін өтінімді толтыруыңыз керек, жоба ұсынысының атауын, оның сипаттамасын, объектінің мекенжайын көрсетуіңіз керек. Жобалық ұсыныстың эскизі мен сметасын міндетті түрде тіркеңіз, бұл индикативті болуы мүмкін. Сонымен қатар, егер қаласаңыз, ағымдағы күй мен презентацияның фотосуреттерін қоса аласыз. Бір жобаның максималды құны 58,3 миллион теңгеден аспауы тиіс», - деді А. Батанов.
Жоба бойынша Алматыдағы 8 ауданының әрқайсысына қала бюджетінен 800 млн теңге бөлу (жобаның жалпы сомасы 6,4 миллиард теңге) қарастырылған.