Сағынтаев Төле би көшесін реконструкциялау туралы айтты

Сағынтаев Төле би көшесін реконструкциялау туралы айтты

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев «Алматы» ТА-ның Akimat Live дәстүрлі тікелей эфирі барысында мегаполистің басты артерияларының бірі – Төле би көшесін кезең-кезеңмен жөндеу туралы айтты.


Б. Сағынтаевтың мәліметі бойынша, Төле би көшесі бойымен Байтұрсынов көшесінен Яссауи көшесіне дейін ұзындығы 8,5 шақырым жол жамылғысы жөнделуде. Сонымен қатар жаяу жүргіншілер жолдары жөнделеді, бүлінген бордюрлер мен арық науалары ауыстырылады.

Төле би көшесі бойымен Байтұрсынов көшесінен Әуезов көшесіне дейін жолдың тар учаскелерінде трамвай рельстерін сүру қарастырылған, кейін олардың орнына қоғамдық көліктерге арналған арнайы жолақтар пайда болады. Әуезов көшесінен Яссауи көшесіне дейінгі учаскеде трамвай рельстер сүру жоспарланбаған.

Жөнделетін учаске 3 аймаққа бөлінеді – Чимбулатов көшесінен Яссауи көшесіне дейін (ұзындығы - 3,4 км), Гагарин даңғылынан Чимбулатов көшесіне дейін (ұзындығы 2,5 км), Байтұрсынов көшесінен Гагарин даңғылына дейін (ұзындығы - 2,6 км). Жол жөндеу жұмыстарын ағымдағы жылдың 25 қыркүйегіне дейін аяқтау жоспарлануда.

Жалпы, Алматыда биыл ұзындығы 206,2 шақырым болатын 212 көшені жөндеу жоспарланған. Оның ішінде ұзындығы 108,9 шақырым болатын 110 көше жөнделді. Ұзындығы 59,7 км болатын 57 көшелерде жұмыстар жүруде.

Райымбек даңғылы Розыбакиев көшесінің бұрышы мен Сайын көшесі, Торайғыров көшесінің бұрышындағы екі жол айырығын жөндеу аяқталды.

Қазан айының соңына дейін ұзындығы 3,9 шақырым болатын Байтұрсынов көшесінен Щепетков көшесіне дейінгі учаскедегі Сәтбаев көшесінің жол жамылғысының орташа жөндеуді аяқтау жоспарлануда; Рысқұлов даңғылы Сайын көшесінен Күдерин көшесіне дейін, ұзындығы 3,8 км; Бұрындай көшелері Шоссейная көшесінен Солтүстік айналма көшесіне дейін, ұзындығы 2 км; Момышұлы көшесі Шаляпин көшесінен Райымбек даңғылына дейін, ұзындығы 3,6 км; Жібек жолы көшесі Қонаев көшесінен Қалдаяқов көшесіне дейін, ұзындығы 0,7 км.