
Жұмыспен қамтуды және "Еңбек" жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында Алматыда жұмысшы мамандықтарын тегін оқытуға 2,5 мың грант бөлінеді.
Жұмыссыз жастарды жұмыспен қамту үшін қала әкімі Б.Сағынтаевтың тапсырмасы бойынша алғаш рет колледждердің мобильді қабылдау комиссиялары ұйымдастырылды. Күн сайын, 20 тамызға дейін мұндай қабылдау бөлімдері базарлар мен теміржол вокзалдарында жұмыс істейтін болады.
"Тегін техникалық және бейінді білім беру" жобасы аясында 29 жасқа дейінгі жастар ең қажетті жұмысшы мамандықтар бойынша – аспазшы, тігінші, кондитер, слесарь және т.б. тегін білім ала алады. Бұл ретте оқу мерзімінде оларға стипендия мен тегін тамақтану қарастырылған.
Тегін білім алуға 9-11 сынып түлектері, кәсіби білімі жоқ, аз қамтылған және көпбалалы отбасынан шыққан тұлғалар үміткер бола алады.
Мобильді қабылдау комиссияларында қаладағы 26 колледж өз білім беру бағдарламаларын ұсынады. Мамандар оқуға түсу ережелерін айтып, құжаттарды қабылдау жөнінде кеңес беріп, қандай да бір мамандықтың артықшылықтары туралы айтып береді. Үміткерге өз таңдауын анықтауға көмектеседі. Гранттық бағдарламаның түлектері мегаполистің әртүрлі кәсіпорындарында жұмысқа орналастырылады.
Мобильді қабылдау комиссиясының жұмыс кестесімен мына сілтемеден танысуға болады.



