Алматыда «Ashyq» жобасына 5 кинотеатр мен театр қосылды: қала тұрғындары мен бизнесті мәдени орындарға келу ережелерін сақтауға шақыруда

Алматыда «Ashyq» жобасына 5 кинотеатр мен театр қосылды: қала тұрғындары мен бизнесті мәдени орындарға келу ережелерін сақтауға шақыруда

Кинотеатрлардың жұмысын қайта бастауға мүмкіндік берген мобильді қосымшаның арқасында бірінші күннен-ақ, киносеансқа келгендер арасынан «қызыл» және «сары» мәртебесі бар 5 келуші анықталды. Бүгін Алматы қаласының өңірлік коммуникациялар қызметінің онлайн-брифингінде қалалық Кәсіпкерлер палатасының директоры Айтуар Қошмамбетов «Ashyq» пилоттық жобасының нәтижелері мен артықшылықтары туралы айтып берді.

Айтуар Қошмамбетов өз сөзінде цифрлы мониторингтің бизнестің тұрақтылығын қамтамасыз етуге көмектесетінін еске салды, сонымен бірге, «Ashyq» жобасының елдің барлық өңірлерінде ауқымды болатынын хабарлады.

Мобильді бағдарламаға сәйкес, алматылықтарға коронавируспен ауырып-ауырмауына қарай түрлі-түсті мәртебелер беріледі. Мәртебе QR кодын пайдалану және ПТР-дың жалпы базасымен интеграциялау арқылы анықталады. Спа, фитнес-орталықтар, кинотеатрларға кіру немесе кірмеу мүмкіндігі түске байланысты болады.

Қосымшаны пайдалану өте жеңіл, келушінің бір минут уақытын ғана алады. Пайдаланушы плеймаркеттен «Ashyq» қосымшасын жүктеп, бір рет ЖСН енгізеді және кірген кезде QR-кодты сканерлейді. Өз кезегінде, «Ashyq»-ты қолданған кезде бизнеске карантиндік жеңілдіктер беріледі.

«Бүгінгі таңда 235 000 пайдаланушы «Ashyq» қосымшасын қолданады. Жобаның арқасында кіре берісте «қызыл» мәртебесі бар 560, 134 «сары» келуші анықталды. Соңғы аптада қосымшаны 147 000-нан астам қолданушы жүктеген. Күн сайын қала тұрғындары қосымшаны пайдаланатын нысандарға барады, барлығы 48 000-ға жуық сканерлеу тіркелген. Ал бұл минутына шамамен 150 тіркеу, қарбалас уақытта 250 тіркеу, - деп хабарлады Алматы Кәсіпкерлер палатасының директоры А. Қошмамбетов.

Қосымшаның артықшылықтары туралы айта келе Айтуар Қошмамбетов 13 сәуірден бастап «Ashyq» - қа тағы 4 өңір қосылғанын айтты. Бұл Ақтөбе, Тараз, Талдықорған және Ақмола облысы. Қазіргі уақытта бүкіл республика бойынша 633 қатысушы, оның ішінде Алматы қаласында - 341, тағы 26 өтінім қарау сатысында (берілген өтінімдердің арасында сауналар, бассейндер, спа-орталықтар, компьютерлік клубтар мен моншалардың иелері бар). Сонымен қатар, Алматы потенциалды қауіпті немесе коронавирусты жұқтырғандарды анықтау үшін сандық технологияларды қолданатын қалалар арасында көшбасшы болып отыр. Салыстырмалы түрде айтатын болсақ, Нұр-Сұлтан қаласында «Ashyq»-қа 123 мекеме, Қарағандыда-77 мекеме өткен.

«17 сәуірден бастап Алматы қаласы бойынша жобаға 5 кинотеатр және 1 театр, сондай-ақ QR кодын алу сатысында 6 кинотеатр және 1 театр қосылды. Кинотеатрларды қосудың алғашқы күні-ақ, «қызыл» және «сары» мәртебесі бар 5 келуші анықталды», - деп хабарлады Кәсіпкерлер палатасының директоры.

Онлайн-брифинг барысында Айтуар Қошмамбетов кинотеатрларды жобаға қосу туралы толығырақ айтып берді.

«Кинотеатр иелері тікелей Алматы қаласының Кәсіпкерлер палатасына өтінім береді, одан әрі бұл нысандар талаптарға сәйкес тексеріледі, олардың әкімшілік пен QR кодтар орналасатын ресепшн аймағын алдын ала қарастырулары қажет. Алматының әлі де «қызыл» аймақты тұрғанын естен шығармау керек, сол себепті кинотеатрлар «сары» аймақ талабы бойынша жұмыс істейді, яғни келушілердің 20%-ын ғана толтыру арқылы», - деді онлайн-брифинг спикері.

Мегаполистің қоғамдық тамақтану нысандарына қатысты. Бұл нысандардың иелері өтінімдерін ҚР Қоғамдық тамақтану қауымдастығы, ҚР рестораторлар клубы немесе қазақстандық қонақ үйлер мен мейрамханалардың қауымдастығы арқылы береді.

Алматыда жобаға өз еріктерімен 2 қонақ үй мен 27 сауда нысаны қосылғысы келеді.

Цифрлық жобаның артықшылықтары туралы айта келе, кәсіпкерлер палатасының өкілі қосымшаны пайдаланатын нысандарға үнемі профилактикалық тексерулер жүргізлетінін айтты. Тексеру нәтижесі көрсеткендей, бұзушылықтар бар. Айта кету керек, QR-кодтар мақсатсыз пайдалнылса, онда мекеме иелері бағдарламадан шығарылуы мүмкін.

«Мониторингтік топ объектісінде жобаға қатысуға қойылатын талаптарды бұзудың расталған фактілерін анықтау негізінде, сондай-ақ егер нысанда келушілерге 3 күннен артық check-in (тексеру) жүргізілмесе, жобадан шығарылады, - деп хабарлады Айтуар Қошмамбетов. - Пилоттық жобаның барлық қатысушыларына қолданыстағы жұмыс алгоритмін бұзған мекеменің жобаға 2 аптадан соң ғана оралатынын ескерткім келеді. Ал қайталанған жағдайда,орлау 2 айға созылуы мүмкін».

Айтуар Қошмамбетов келушілерді де, кәсіпкерлердің өздерін де қосымшаға жауапкершілікпен қарауға шақырды. Себебі жобаның арқасында кәсіпкерлерге қатаң карантиндік жағдайда жұмыс істеуге рұқсат етілді. Ол сондай-ақ бизнес-қоғамдастық өкілдерін қалыпты өмір салты мен жұмысына тез оралу үшін жаппай егу науқанын қолдауға шақырды. Кәсіпкерлер палатасының директоры кәсіпорындар ұжымдары немесе бизнес-құрылымдар коронавирусқа қарсы жаппай вакцинациялауға ниет білдірген жағдайда кәсіпкерлер палатасына 331033 нөмірі бойынша хабарласуға болатынын атап өтті. «Атамекен» мамандары ҚДСБ-мен бірлесе отырып жылжымалы медициналық бригадаларды ұйымдастырады.

Кәсіпкерлер палатасының директоры бизнестің барлық өкілдері қосымшамен жұмысты бастамас бұрын оқудан және әрқайсысының әңгімелесулерден өткендерін, жадынамалар таратылғанын, онда барлық қажетті құжаттар пакеті, кодты қалай алу, алып тастау алгоритмі, күзетші режимін қалай тағайындау және т.б. бар екенін айтты.