
Вакцинация кабинеті өнер мұражайының бірінші қабатында орналасқан, сондықтан вакцинацияға келген қала тұрғындарының өткен дәуір мен қазіргі заман шеберлерінің бай және баға жетпес коллекциясымен танысу мүмкіндіктері бар.
Өнер мұражайында Алматы қаласының №12 емханасынан мобильді егу пункті ашылды. Емхананың бас дәрігерінің міндетін атқарушы Тоғжан Әбілдаева екпе пунктінің өзгелер сияқты сағат 8.00-ден 20.00-ге дейін жұмыс істейтінін айтты.
«Вакциналаудан кейін пациенттер «Өнер» көрме павильонының екінші қабатына көтеріледі, онда 30 минут дәрігерлердің бақылауында болады», — деді Тоғжан Әбілдаева.
Аталған егу пунктіне Көктем-3 ш/а, Ә. Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер мұражайы мекенжайы бойынша келуге болады. Кабинеттер санитарлық нормаларға сәйкес жабдықталған. Күту залдарында және вакцинадан кейінгі аймақта әлеуметтік қашықтық сақталған. Өзімен бірге жеке куәлік болуы тиіс.
Вакцина алғандардың қатарында қала тұрғыны Шәмша Әжібаева бар. Екпе ала салысымен ол вакцинадан кейінгі әсерімен бөлісті.
«Қазір БАҚ мен интернетте вакцинация туралы жиі айтылып та, жазылып та жүр. Мен ауырып қалмау үшін вакцина алуды жөн санадым, әрқайсымыздың үйімізде туған-туыстарымыз, балаларымыз күтіп отыр, оларға қауіп төндіргім келмейді», — дейді Ш. Әжібаева.
Екпе салдыруға келген алматылық Светлана Косуакова бір жағынан Қастеев атындағы мұражайдың жаңа экспозициясымен де танысып үлгерді. Ол вакцина алуға жазылғаннан кейін оны мұражайға шақырғанда таң қалғанын жасырмады. Бұрын ол мұнда болып көрмеген екен. Мұражайдың залдары кең және ауасы да желдетіліп тұрады, сондықтан кезек күтіп қаламын деп алаңдаудың реті де келмеген. Алматы тұрғындарының бәрі алдын ала жазылу арқылы келуде, ешқандай қарбаластық жоқ.
«Бұл жерге бірінші рет келуім. Барлығы тамаша. Атмосферасы да керемет. Осындай тамаша көріністерді көптен көрмедім. Вакцинация болмағанда, мұнда келмес пе едім. Себебі үнемі уақыт таппаймыз», — деді Светлана Косуакова.
Тағы бір қала тұрғыны Руслан Көсембаев та өз әсерімен бөлісті: «Қазір біздің жұмыс орнымыз осы жерге жақын маңда орналасқан, бір жағынан осында келіп вакцинация алу да ыңғайлы».
Шын мәнінде, 200-ден астам жерде пайда болған егу пункттері қала тұрғындарының уақытын үнемдейді, емханаларға барудың қажеті жоқ, СОО-на, базарға, ХҚКО-на, сонымен бірге, енді ірі мұражайлардың біріне де баруға болады.
«Қала бойынша осындай көп орталықтарды ашқаны құптарлық іс, вакцина алуға ниетті адамдардың кезекте тұрмайтыны қуантады. Жарайсыздар», — деп атап өтті екпе алуға келген тағы бір қала тұрғыны Ольга Шилина.
Халықтың барлық топтары үшін коронавирустық инфекцияға қарсы вакциналау тегін екенін естеріңізге саламыз.