Алматыда №5 қалалық клиникалық аурухана базасы негізінде жаңа емхана ашылды

Алматыда №5 қалалық клиникалық аурухана базасы негізінде жаңа емхана ашылды

Аурухананың бас дәрігері Болат Садықов кезекті тұруды азайту және келушілерге жайлы болу үшін регистратураны алып тастағандарын айтты.

«Арнайы оқудан өткен, қолдарында рациялары бар менеджерлер келушілерді ертіп жүреді және түрлі кеңестер береді. Бүгінгі күні біздің мамандар заманауи европалық жабдықтармен жұмыс жасауда. Мысалы, отоларингологтың кабинетіне солардың үздіктерінің бірі қойылды. Жалпы, нысан құрылысының және ондағы қондырғылардың құны 1,5 млрд. теңгені құрады», - деді Б.Садықов.

Төрт қабатты жаңа ғимаратта отбасылық, балалар денсаулығы, сурдологиялық, реабилитациялық орталықтар, физиодиагностикалық бөлім, күніне 20 мыңға жуық адамның сараптамасын жасайтын әрі 5 емдеу мекемесі бекітілген клиникалық-диагностикалық орталықтандырылған зертхана орналасқан.

«Бізге қажет жабдықтардың бәрі сатып алынды. Олардың арасында авторефлектометр бар, оның ерекшелігі екі айлық баланың да көз ауруын бірден анықтай алады. Тіпті, көздің қан қысымын анықтайтын аппарат та бар. Біз енді бұрынғы ескі әдіс бойынша жұмыс істемейміз. Барлық жұмысты автоматты режимдегі қондырғылар атқаратын болады», - деді офтальмолог – дәрігер Елдос Түсіпбаев.