«Желтоқсан қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Нұрлыбек Қуанбаев желтоқсаншылардың осы сынды саябақтың ашылуын бұрыннан күткенін атап өтті.
«Желтоқсан оқиғасынан бері біраз жылдар өтті. Ескерткіш ашылды, желтоқсаншылардың құрметіне көшелердің атаулары берілді. Бірақ саябақ ашу мәселесі бұрыннан бар, 10-20 жыл бұрын көтерілген болатын. Бүгін біздің тілегіміз орындалды және біз осы оқиғаға өте қуаныштымыз. Әкім Бақытжан Сағынтаев бастаған әкімдік тілегімізді тыңдағаннан кейін, бізге екі саябақты ұсынды. Біріншісі, Жас Қанат шағын ауданындағы аталған саябақ және екіншісі, Саялы саябағы, бірақ оның аумағы кішілеу. Біз біріншісін таңдадық, себебі аумағы өте үлкен, жасыл желегі де көп, оның үстіне, мұнда өзен ағып жатыр, сол себепті де бізге осы жер ұнады», - деп атап өтті Н.Қуанбаев.
Сонымен бірге ол болашақта саябақ аумағында 1986 жылғы желтоқсан оқиғасы кезінде қаза болғандарға арнап ескерткіш орнату жоспары бар екендігімен бөлісті.
«Желтоқсан оқиғасы қайталанбауы керек, қантөгіс болмауы керек, халық мақсатына қантөгіс арқылы жетпеуі тиіс, сол оқиға бізге сабақ болуы керек. Сол кездегі желтоқсан оқиғалары Қазақстанның барлық тұрғындары үшін біріктіруші фактор болу керек», - деп бөлісті «Желтоқсан қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Нұрлыбек Қуанбаев.
Естеріңізге сала кетейік, Алматыда әкім Бақытжан Сағынтаевтың бастамасымен Түрксіб ауданының Жас Қанат және Маяк шағын аудандарының аумағында орналасқан «Желтоқсан» саябағы құрылды. Ашылуы а.ж. 13 желтоқсанында өтті.