
Оңтүстік астанадағы 12 мың орынды Мұз сарайы «Алматы Аренада» Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай ұлттық жарыс - «Қазақ күресінен» халықаралық турнир өтуде.
Алматы әкімі Бауыржан Байбек өзінің құттықтау сөзінде Мемлекет басшысының салиқалы саясаты арқасында салауатты ұлт пен ұлттық спорт ойындарының кеңінен насихатталып жатқандығын атап өтті.
«Мемлекет басшысы қазақстандық спортты, соның ішінде оның ұлттық түрлерін дамыту керектігін жиі айтады. «Евразия Барысы» сынды спорттық шаралар халықтың рухын көтеріп, спортшыларға күш сынасуға әрі ел намысын қорғауға мүмкіндік береді», - деді мегаполис басшысы.
Бүгінгі алқалы жарысқа 8 елдің 70 -тен астам палуаны қатысуда, олар - Грузия, Монғолия, Польша, Ресей, Тәжік, Украин, Өзбек және Қазақстан спортшылары. Әр команда құрамы төрешіден, жаттықтырушыдан, сегіз палуаннан тұрады. Спортшылар мына салмақтарда күш сынасады: 55, 60, 66, 74, 82, 90, 100 және одан жоғары кг. Жарысқа қатысушалырдың жасы 18-ден жоғары әрі өз елдерінің азаматтары.
«Евразия барысының» жүлделік қоры - 20 млн. теңге. Жеңімпаз 10 миллион теңге, екінші орынға алты миллион, үшінші орынға төрт миллион қарастырылған.