
Бүгін Алматыда Республика Сарайы алдында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 1991 жылдың 10 желтоқсанындағы алғашқы ұлықтау рәсімін еске қалдыруға орай ескерткіш тақта ашылды. Салтанатты рәсімге 1991 жылғы президенттікке кандидат Нұрсұлтан Назарбаевтың сайлау алды штабының басшысы болған Мырзатай Жолдасбеков, Қазақстан Жазушылар Одағының төрағасы Нұрлан Оразалин, ғылыми интеллигенция өкілдері, қоғам қайраткерлері, қаланың құрметті азаматтары, тұрғындар мен жастар қатысты.
Өзінің сөзінде Алматы әкімі Бауыржан Байбек Н.Ә.Назарбаевтың басшылығы барысында тәуелсіздік жылдары еліміз айрықша жетістіктер биігінен көрінгенін: экономиканың 24 есе, азаматтар табысының 21 есе өсіп, Қазақстанның әлемнің дамыған 50 елінің қатарына енгенін атап өтті.
«25 жыл бұрын, өзіне тарихи жауапкершілікті алған Елбасы Қазақстан халқының қолдауы арқасында мүлдем жаңа, заманауи мемлекет құрды. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың басшылығымен еліміз керемет табыстарға жетті. Экономика 24 есе, халықтың табысы 21 есе өсті. Жүздеген мектептер, ауруханалар, бала бақшалары салынып, мыңдаған км. автомобиль және теміржолдар тартылды. Халықты тұрғын үймен қамту 1,5 есе артты. Азаматтардың орташа өмір сүруі 72 жасты құрады. Өзінің дамуы жағынан Қазақстан әлемнің дамыған 50 елінің қатарына енді. Біз Алматының Тәуелсіздіктің «алтын бесігі» болғанына мақтанамыз. Дәл осы қалада тарихи мәні бар шешімдер қабылданды: мемлекеттің Тәуелсіздігі туралы Конституциялық Заңға қол қойылды, Конституция қабылданып, Мемлекеттік рәміздер бекітілді, ұлттық валюта енгізілді», - деді Б.Байбек.
Қала әкімі Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай жергілікті бюджетті оңтайландыру есебінен әлеуметтік және бюджеттік сала қызметкерлеріне бір айлық жалақы көлемінде, ал халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобындағыларға 50 мың теңге көлемінде сыйақы берілетінін айтты. Жалпы, қалада 114,3 мың адамға берілдетін сыйақы көлемі - 6,2 млрд. теңге. Б.Байбек биыл Елбасының тапсырмасы бойынша көпбалалы және жас отбасыларды қолдау мақсатында мемлекеттік бала бақшаларға төленетін ақының жергілікті бюджет есебінен 2 есеге азайғанын да жеткізді.

Шара барысында қаладағы 7 көшенің атауы өзгергені де хабардар етілді. Медеу ауданындағы Ж. Жабаев атындағы көшеге КСРО халық артисі, Халык Каһарманы Роза Бағаланованың, Алатау ауданындағы Абай көшесіне КСРО халық артисі, Халык Каһарманы Әзірбайжан Мамбетовтың, «Әйгерім» ықшам ауданындағы Ленин атындағы көшеге КСРО Батыры, ҰОС-ның ардагері Василий Бенбериннің, Наурызбай ауданындағы М.Әуезов атындағы көшеге белгілі қоғам қайраткері, Социалистік Еңбек Ері Байкен Әшімовтың, Бостандық ауданындағы 8-линия көшесіне 1986 жылғы «Желтоксанға» қатысушы Ербол Сыпатаевтың, Бостандық ауданындағы атауы жоқ көшеге тарих ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА-ның академигі, профессор Тоқмұхамед Садықовтың, Алмалы ауданындағы Мирзоян көшесіне ҰҒА-ның бұрынғы президенті, академик, Халык Каһарманы Шапық Шокиннің есімдері берілді. Атап өтерлік жайт, бірқатар көшелерге атаулардың берілуі қалаға кейін қосылған елді мекендер көшелерінің қайталануына қатысты өзгерді.