Алматы әкімі аутизм дертіне шалдыққан балалар орталығында болды

Алматы әкімі аутизм дертіне шалдыққан балалар орталығында болды

Алматы әкімі Бауыржан Байбек Болат Өтемұратовтың аутизм дертіне шалдыққан балаларды емдейтін жеке қорының «Асыл Мирас» атты балалар орталығында болды.

«Асыл Мирас» орталығы мегаполисте 2015 жылдың 23 маусымында «Аутизм» бағдарламасы аясында ашылған. Орталыққа келген балалар мен олардың ата-аналарына барлық қызмет тегін көрестіледі. Мекемеде 26 маман жұмыс істейді, қазірдің өзінде олар 797 отбасыға қолдау көрсетіп, 449 баланы толық диагностикадан өткізді, ал 266 балдырған көмек көрсету бағдарламасына енген. Әр баланы оңалту курсы 5,5 айға есептелген.

Осы дертке шалдыққан балалармен жұмыс істеу үшін мамандар арнайы білім алды, олардың арасында психологтар, дефектологтар, логопедтер, әлеуметтік педагогтар бар. Оларды даярлауға Қазақстанның, АҚШ-тың, Европаның білікті мамандары атсалысты. Қор «Асыл Мирас» орталығы мен қор басшылары үшін біліми турлар өткізеді. Оның мақсаты – АҚШ-тағы РАС-тың және басқа да озық тәжірибелерді үйрену.

Қазақстанда бір жарым мың балада аутизмнің белгілері анықталған. Болат Өтемұратовтың «Аутизм» жеке қайырымдылық қоры мемлекеттік деңгейдегі бағдарламалардың жүзеге асуына ықпал етіп, көпшілікке пайдалы өрелі істерді атқарып келеді. Осы дертке шалдыққан балалардың қоғамның толыққанды мүшесі болуына ероекше мүмкіндіктер жасалуда.

«Асыл Мирастың» барлық орталықтары түзетілген бағдарламалар бойынша жұмыс істейді, ол екі әдістемеге негізделген.

Біріншісі   – классикалық, балдырғандармен әлеуметтік-коммуникативті және күнделікті өмірге қажет танымдық, тілдік жұмыстар жүргізіледі. Сәбимен бірден төрт арнайы маман жұмыс істейді, олар: психолог, дефектолог, логопед және әлеуметтік педагог.

Екінші әдіс – «ABA терапиясы», мұнда тілдік және базалық тәртіпке мән беріледі. Ол үшін әр баламен жеке педагог жұмыс істейді, жеке бағдарлама жасалады, ол 544 негізден тұрады, оны аутизммен ауыратын бала меңгеруі тиіс.