Алматының Қоғамдық кеңес отырысында 2017 жылы өтетін Универсиадаға әуежай жұмысын жақсарту мәселесі талқыланды

Алматының Қоғамдық кеңес отырысында 2017 жылы өтетін Универсиадаға әуежай жұмысын жақсарту мәселесі талқыланды

Бүгін Алматыда қала әкімі Бауыржан Байбектің төрағалық етуімен 2017 жылы өтетін 28-ші Бүкіләлемдік Универсиадаға орай әуежай жұмысын жақсарту туралы мәселе талқыланды. Шара барысында кеңес мүшелері мегаполистің басты әуе гаванының жұмысын жақсарту туралы өз ұсыныстарын ортаға салды.

«Экномикалық, инвестициялық, туристік орталық болып табылатын қала үшін әуежай гаванының маңызы зор. Әсіресе, Универсиада – 2017 және EXPO-2017 маңызды халықаралық шаралар қарсаңында. Осы ретте болашақ дамудың басты бағыты - туризм. Бұл- біздің қаламызды жаңа сапалы деңгейге көтеретін табыс көзі. Дегенмен, бүгінгі таңда әуежай өзінің ауқымы жағынан мегаполис деңгейіне сай келмейді. Тіпті қазірдің өзінде ол жолаушытасымалын талапқа сай жүзеге асыра алмай отыр», - деді Б.Байбек.

Өз кезегінде «Нұр Отан» партиясы қалалық филиалы төрағасының орынбасары Жұлдыз Омарбекова партия филиалының әуежай жұмысына сараптама жасағандығын, соның барысында бірқатар кемшіліктердің анықталғандығын айтты.Ол өзінің сөзінде көлік тұрағы жүйесін қайта қарауды, Алматы қаласы Туристік ақпараттық орталыққа ұқсас ақпараттық тумбаларды орнатуды, такси қызметін жақсартуды, жүргізушілер мәдениетін арттыруды, сонымен қатар «тыныш әуежай»кестесін енгізуді, ағылшын тілінде қайталайтын ақпараттық таблоларды орнатуды ұсынды.

Қоғамдық кеңес мүшесі Марат Шибутов 2017 жылы Алматыға келетін жолаушылар санының артатындығын, ішкі және сыртқы туристердің көп болатынын, бұл әуежай жұмысының көлемін ұлғайтатынын, сондықтан оның қызметін жақсарту керектігін сөз етті.

«Қалалықтар мынадай пікірлер мен нұсқауларды ұсынып отыр, олар:жүк аймағының жұмысын жақсарту, бірнеше жерге арыз- шағым кітаптарын қою, санитарлық тораптар жұмысын жандандыру. Егер залдарды кеңетуге мүмкіндік болмаса, көп орындықтар қою қажет», - деді М.Шибутов.

Кеңестің жұмысын қорытындылаған қала басшысы әуежай жұмысын жақсарту туралы нақтылы тапсырмалар берді.

Бүгінгі күні әуежай тасымалдау көлемі бойынша елімізде жетекші орында. 2015 жылы 5 млн. жолаушыға қызмет көрсетілді. Жолаушылардың қауіпсіздігі үшін мұнда видеобақылау жүйесі (852 видеокамера) жұмыс істейді. Бұлардан өзге ішкі ұшу мен келудің терминалы қайта жасалған. Шекаралық қызмет үшін бақылу- өткізу пукттерінің саны 32 ден 42 –ге артқан.