Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен онлайн-брифинг барысында Алматы қаласының Әлеуметтік әл-ауқат басқармасы басшысының орынбасары Данияр Әлкебайұлы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру және жұмыс орындарын құру туралы айтып берді. Сонымен қатар, брифингке Алматы қаласының жұмыспен қамту орталығының директоры Диляра Иманқұлова да қатысты.
«Халықтың осал топтарын әлеуметтік қорғау мемлекеттің әлеуметтік саясатының негізгі функцияларының бірі болып табылады. Коронавирус инфекциясының таралуы және онымен байланысты карантин кезеңінде халықтың осал топтарын әлеуметтік қолдаумен қамтамасыз ету қала басшылығының басты басымдығына айналды», - деді Д.Әлкебайұлы.
"Жұмыспен қамту 2020 жол картасы" халықты жұмыспен қамту мәселелерін жедел шешу мақсатында әзірленді және қосымша жұмыс орындарын құруға, әлеуметтік, инженерлік-көліктік инфрақұрылымды және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту, елді мекендерді абаттандыру жөніндегі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру есебінен жұмыссыз азаматтар санының өсуіне жол бермеуге бағытталған шаралар кешенін айқындайды.
Алматы қаласында «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы іске асырылуда, оның шеңберінде 218 инфрақұрылымдық жобада 26 мың жұмыс орнын құру көзделген. Бұл ретте құрылатын жұмыс орындарының 50%-ы жұмыссыздарды халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы жіберу есебінен қамтамасыз етіледі.
Бүгінгі күні 20,5 мыңнан астам жұмыс орны құрылды (79%), жұмыспен қамту орталығы арқылы 10,1 мыңнан астам жұмыссыз адам (79,5%) жұмысқа орналастырылған жастардың үлесі - 3 801 адам (38%).
«Қызметкерлердің орташа жалақы мөлшері 92 мың теңгені құрайды. Бұл ретте тар шеңберлі мамандар іске асырылып жатқан жобалар аясында 200-350 мың теңгеден бастап ала алады», - деп атап өтті Д.Әлкебайұлы.
Сонымен қатар, мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жұмыс берушілер тарапынан төленетін жалақыға қосымша 85 мың теңге мөлшерінде біржолғы материалдық көмек (көтермеақы) көрсетіледі. Бүгінгі таңда мұндай төлемдер 592 қызметкерге берілді.
Айта кету керек, халықты жұмыспен қамту орталығы жобалардың іске асырылуына және құрылатын жұмыс орындарына жұмысқа орналасуға мониторинг жүргізуде. Барлық көрсеткіштер күн сайын «Интеграцияланған карта «Жұмыс орындарының мониторингі» жүйесіне енгізіледі. Күнделікті мониторинг барысында қанша қаражат жұмсалғаны, қандай бағдарлама, мамандық бойынша, қаншасы жұмысқа орналасқаны және т.б. бақыланады. Сонымен қатар, Алматы қалалық Nur Otan филиалымен бірлесіп еңбек жағдайын бақылау бойынша мониторинг жүргізіледі.