Алматыда әлеуметтік мекемелердің тәрбиеленушілеріне арналған дәстүрлі жаңа жылдық іс-шара өтті

Алматыда әлеуметтік мекемелердің тәрбиеленушілеріне арналған дәстүрлі жаңа жылдық іс-шара өтті

Алматы қаласындағы Оқушылар сарайында ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған жаңа жылдық шырша өтті. Мерекелік іс-шара Қазақстан Республикасындағы балалар үйі түлектерінің қауымдастығы мен Алматы қаласы Білім басқармасының бірлесіп ұйымдастыруымен өтті. Бұл форматтағы жаңа жылдық мереке биыл тоғызыншы рет өткізіліп отыр.

Алматы қаласы Білім басқармасы басшысының орынбасары Бибігүл Малғаждарова биылғы шараға 400 баланың қатысқанын атап өтті.

Ағымдағы жылы мерекелік іс-шаралар аясында 400 бала жаңа жылдық көңіл мен сыйлықтарға ие болды. Оның ішінде 250 бала Оқушылар сарайында өткен мерекелік бағдарламаға тікелей қатысты. Олар — өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларды қолдау орталықтарының №1 және №2 тәрбиеленушілері, сондай-ақ Алматы қаласындағы SOS «Балалар ауылының» балалары. Ал уақытша арнайы білім беру ұйымдарында болып, іс-шараға келе алмаған балаларға жаңа жылдық сыйлықтар өздері тұрған мекемелерде табысталды.

Жарқыраған безендірулер, көз тартарлық шамдар мен мерекелік әуендер балаларға нағыз ертегі әлемінде жүргендей әсер сыйлады. Кештің шарықтау шегі — Аяз ата мен Ақшақардың сахнаға шығуы болды. Балалар Жаңа жылдың басты кейіпкерлерін зор қуанышпен қарсы алып, түрлі ойындар мен байқауларға белсенді қатысты.

SOS «Алматы балалар ауылы» мекемесінің кадр жұмысы жөніндегі үйлестірушісі Галия Карридің айтуынша, балалар мерекеге тәрбиешілерімен бірге дайындалып, сүйікті кейіпкерлерінің костюмдерін өз қолдарымен тіккен.

— Біздің 5 пен 15 жас аралығындағы 37 баламызды шақырғандарыңызға өте қуаныштымыз. Бұл — олар үшін аса маңызды, — деп атап өтті ол.

Мереке соңында балаларға жаңа жылдық сыйлықтар таратылды. Балалар алған әсерлерімен бөлісіп, сүйікті кейіпкерлері туралы қуана әңгімеледі. Бұл күн олардың жүрегінде ұмытылмас естелік болып, ғажайыпқа деген сенім сыйлады.