
Алматы әкімі Бауыржан Байбек Алатау ауданындағы 12 мың орынды Мұз аренасы мен Атлеттер ауылының қызмет көрсету саласының әлеуетті жобасымен танысты.
Қала басшысы бұл спорт обьектілерінің әлеуметтік мәнін ерекше атап өтті. Мысалы, Атлеттер ауылы аумағында көлемі 1600 шаршы метр болатын екі қызмет көрсету залы бар ХҚКО, заманауи талаптарға сай қауіпсіздік қондырғылармен жабдықталған полицияның тірек пункті, емхана, супермаркеттер, сервистік ұйымдар - сұлулық салондары және екінші деңгейлі банктер орналасатын болады.
Қанатын жайып, дамып келе жатқан бұл ауданның болашағы туралы алғашқылардың бірі болып жаттығу залын инвестициялаған халықаралық фитнес- орталықтар желісінің өкілдері өз пікірлерін білдірді. Мұз аренасына келген қонақтарға қолайлы болу үшін кешеннің үш қабатында да 5 бар, буфеттер, фудкорт пен 3 кафе есігін айқара ашады.
«Аудан жедел қарқынмен даму үстінде, облыстан келгендері қоса есептегенде, тұрғындар саны күн санап артуда. Бүкіләлемдік спорт ойындары аяқталған соң бұл объект орталықтандырылған даму принципі бойынша сервистік және мәдени кластер ретінде жұрт жиі келетін демалыс және мәдени орындарға айналатын болады», - деді Б.Байбек.
Мегаполис басшысы нысандар орналасқан аумақ көп функционалды ғана емес, сонымен қатар абаттандырудың бірыңғай Концепциясына сәйкес жұртшылық үшін барынша жайлы болуы тиіс екендігін қадап тұрып айтты.
Бұдан соң Б.Байбек Наурызбай ауданында салынып жатқан әлеуметтік нысандар құрылыстарын аралап көрді. Қазіргі кезде мұнда 1200 орынды мектеп, емхана, аудандық ІІБ-ның ғимараты, әкімшілік нысандар, көлік инфрақұрылымы салынып, Қарғалы өзенінің жағалауы қайта жасалуда. Жоғарыда аталған ынсандар бойынша қала басшысы бақылауды барынша күшейтуді және жобалық мерзімді қатаң сақтауды ескертті.