«Бұл Мемлекет басшысының жеке тапсырмасы, мен кілтті Елбасының атынан тапсырып тұрмын. Сіздердің ұлдарыңыз жанқиярлық ерлігімен қаншама адамның өмірін сақтап қалды. Оның артында балалары қалды, біз оларға көмектесеміз, олар үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз.Бір ай ішінде пәтер толық жөндеуден өткен соң, көшіп кірулеріңізге болады. Барынша мықты болыңыздар!», - деді әкім.
Қала басшысы Алатау ауданында жаңа бала бақшалардың, мектептер мен емханалардың, Универсиада нысандарының бой көтергендігін, оларға балалардың баруына толық мүмкіндіктері бар екендігін ерекше атап өтті.
« Біздің отбасымызда қайғылы оқиға болды. Осынау қаралы күндері Президентіміз, барша Қазақстан халқы бізге жан -жақты қолдау, көмек көрсетуде. Мен сіздердің барлықтарыңызға рахмет айтамын.Еліміздің аспаны мәңгі ашық болып, жер бетінде бейбітшілік пен тұрақтылық мәңгі орнықсын.Әрине, жолдасымның қазасы орны толмайтын қайғы, дегенмен өлімнің артында өмір бар, мен сіздердің барлықтарыңызға шынайы алғысымды білдіремін. Отандастарыма бейбіт өмір мен тыныштық тілеймін», - деді Аян Ғалиевтің әйелі Анар Асанова.
Ғалиевтер отбасы мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған тұрғын үйге алғашқылардың бірі болып қоныстанады. Жалпы, тұрғындар бұл үйге биылғы жылдың тамыз айының соңында, яғни ҚР Конституциясы күніне орай кіретін болады.
«Мемлекет басшысына, барша халыққа айтар алғысым шексіз. Қайғымызға ортақтасып, қолдау көрсеткендердің барлығына рахметтен басқа айтарымыз жоқ. Бауырым Аянның әйеліне пәтер кілті тапсырылды. Үй өте жақсы, барлығымызға ұнады. Жаңа пәтерде бауырымның балалары ұзақ және бақытты ғұмыр кешсін, әкесі армандаған биіктерге жетсін. Өз елінің шынайы патриоттары болып өссін», - деді қайтыс болған полицейдің бауыры Саян Ғалиев.