
Алматы әкімі Бауыржан Байбек Балуан Шолақ атындағы Спорт сарайында өткен қаза тапқан полиция старшинасы, екінші батальон полицейі Аян Ғалиевтің және ҚР ІІМ-нің бұрынғы қызметкері Ғани Нұримановтың азаматтық жаназасын шығару рәсіміне қатысты.
«Бүгін біз үшін қаралы күн. Біз Аян Ғалиев пен Ғани Нұримановты ақтық сапарға шығарып салудамыз. Ауыр жарақат алғанына қарамастан Аян лаңкеске қарсы тұрып, оған оқ атты. Сөйтіп, қаныпезердің тез құрықталуына ықпал етті. Ол жоғары біліктілік көрсетті, әріптесінің өмірін сақтап қалды. Ғани отставкада болғанына қарамастан өз міндетін атқарды. Әріптестері ол туралы жақсы пікір білдіріп, жауапкершілігі жоғары азамат еді дейді. Жанқиярлық ерлік танытқан осынау жандарға қарап, мамандыққа деген адалдықты көруге болады», - деді әкім.
Қаза болғандардың отбасына көңіл айтқан Б.Байбек Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасы бойынша шейіт болғандардың туыстарына жан-жақты көмек көрсетілетінін жеткізді. Мысалы, Алматы әкімдігі қаза болғандардың әрқайсысының отбасыларына 15 миллион теңгеден, ал зардап шеккендердің жанұяларына 5 миллион теңгеден материалдық қолдау көрсетеді. Сонымен қатар, қаза болғандардың әріптестері, Қазақстанның барша полицейлері қайтыс болғандардың отбасыларына өздерінің бір күндік жалақыларын аударды.
«Қаза болған азаматтардың ата- аналары елінің адал ұлдарын тәрбиелеген, олар кемеңгерлік пен патриотизмнің үлгісін көрсетті. Сіздер батырларды баулыпсыздар, олардың жарқын бейнелері біздің жүрегімізде сақталады.Полицей болған екенсің, өміріңнің қауіп- қатерге толы екенін түсінесің. Елбасы қаза болғандардың отбасыларының барлығына көңіл айтады. Барлықтарыңызға қолдау көрсетіледі, барлық отбасылар материалдық көмек алатын болады», - деп атап өтті әкім.
Атап өтерлік жайт, Алматы ІІД ЖПҚ полициясының кіші сержанты, 25 жастағы Мақсат Сәлімбаевты бүгін Алматы облысының Қарақастек селосында жерлейді. Ал, полиция капитаны, 28 жастағы аға инспектор Бауыржан Нұрмаханбетов Жамбыл облысының Қордай селосында жерленеді. ҚР ҰҚК Шекара қызметінің 23 жастағы қызметкері Азамат Азимжановтың денесі де бүгін Алматы облысы Панфилов ауданының Пиджим селосында жер қойнауына тапсырылады.