
Елбасы ардагерлер мен рәсімге қатысушыларға арналған құттықтау сөзінде қазақстандықтардың фашистік басқыншыларды жеңуге зор үлес қосқанын ерекше атап өтті.
– Қазақстан майданға 1 миллион 800 мыңнан астам жауынгер аттандырды. Солардың жартысы қайтып оралмады. Олар соғыста ерен ерлік көрсетті. 500 отандасымыз Кеңес Одағының Батыры атанды. Тыл еңбеккерлері майданды қарумен, азық-түлікпен және керек-жарақпен қамтамасыз ету үшін күндіз-түні тынымсыз жұмыс істеді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті сұрапыл соғысты көрмеген қазіргі ұрпақтың бақытты екенін айтты.

– Біздің аталарымыз революция мен репрессияны, ал әкелеріміз Ұлы Отан соғысын бастан өткерді. Тек біздің ұрпақ қана бейбіт заманда өмір сүруде. Бұған ардагерлеріміздің қосқан үлесі зор. Сіздерге алғысымыз шексіз! – деді Мемлекет басшысы.

Рәсім соңында Елбасы соғыс және еңбек ардагерлерімен еркін әңгімелесті.

– Сіздер жанымызда болсаңыздар, біздер – балаларыңыз бен немерелеріңіз өзімізді алаңсыз сезінеміз. Ерліктеріңізді үлгі-өнеге тұтып, сіздерден қайсарлықты, Отанымыздың патриоты болуды, Атамекенді сүюді, сондай-ақ Отанымыз үшін қасық қанымыз қалғанша күресіп, сүйікті Қазақстанымыз үшін жанымызды құрбан етуді үйренеміз. Қымбатты достар, баршаңызды мерекелеріңізбен құттықтаймын! Сіздерге зор денсаулық, табыс және бар жақсылықты тілеймін! – деді Қазақстан Президенті.

Майдангерлер Нұрсұлтан Назарбаевқа ерекше ілтипаты мен қамқорлығы үшін шынайы ризашылығын білдірді.
