«Көк-жайлау» шатқалындағы жер мемлекетке қайтарылады

«Көк-жайлау» шатқалындағы жер мемлекетке қайтарылады

Мемлекеттік жер кадастрының автоматты ақпараттық жүйесінің мәліметіне сай 5 гектар жердің Алматы облысы аумағында орналасқаны және оның 2002 жылы жеке меншікке берілгені көрсетілген. 2014 жылы Алматы қаласы шекарасының өзгеруіне орай аталған жер учаскесі қаланың Медеу ауданының құрамына енген.

Мегаполис басшысы Бауыржан Байбек жауапты басқармаларға тиісті заңнамаларға сай жерді мемлекет меншігіне қайтару туралы процессті бастауды тапсырды.

«Біз «Көкжайлауда» жеке меншіктің болмайтыны туралы үнемі айтып келеміз. Аталған жоба ерекше бақылауда, көпшілікпен бірге біз оның ашықтығын назарда ұстаймыз. Жобаның техникалық - экономикалық негізі толық жасалған соң ол міндетті түрде қоғамдық талқылаудан өтетін болады», - деді Бауыржан Байбек.

Бұрын айтылғандай, мегаполис әкімі ертеректе бөлінген 1002 гектар жердің 100 гектарға жуық жерін Іле Алатау ұлттық табиғи паркінің жер қорына қайтару жөнінде тапсырма берген еді. Бұл шара жобаны екі есе оңтайландыруға қатысты іске асуда. 2014 жылғы жобамен салыстырғанда құрылыс алаңы 10 есе қысқарып, 300 мыңнан 30 мың шаршы метрге төмендеген. Шаңғы трассалары 77-ден 18-ге азайған, олардың басым бөлігі жаңадан үйренушілерге арналған. Қонақүйлердегі 6,5 мың орыннан 250 орын ғана қалған. Трассаларға жасанды қар беретін екі өзеннің тек біреуі ғана жұмыс жасайтын болады.