
Тұрғын үй комиссиясының шешімімен бағдарламаға қатысушы 200 адам анықталды, олардың барлығы «Алматы Жастары» бағдарламасының іріктеу шарттарынан ойдағыдай өтіп, «Тұрғынүйқұрылысбанкінің» іріктеуіне ие болды. Осыған қатысты тізім www.almaty-zhastary.kz порталында жарияланды.
«Алматы Жастары» жеңілдетілген несие беру бағдарламасы 2017 жылы басталды. Сол кезде жергілікті бюджеттен 1 млрд. теңге бөлінген болатын. Түскен 6657 өтініштің 108-і тұрғын үй заемдарын алды. 2018 жылы «Алматы Жастары» жеңілдетілген несие бағдарламасын жүзеге асыру үшін жергілікті бюджеттен 2 млрд. теңге бөлінді.

«Алматы Жастары» бағдарламасының құндылығы төмен проценттік көрсеткіште, яғни жылдық 5 пайыздық несиемен 10 млн. теңгеге дейін заем беріледі. Несиені қайтару мерзімі әркімнің төлеу қабілетіне қарай жеке жүргізіледі, 3-тен 25 жылға дейін.