
Алматы қаласының аумағындағы үй жануарларына алдын алу
іс-шараларын (құтыруға қарсы вакцинация, гельминтсіздендіру) жүргізу және олардың есебін жүргізу (чиптеу) жөніндегі
АҚПАРАТ
Қараусыз қалған және қаңғыбас жануарлардың санын
ізгілікті түрде реттеу жүйесін енгізу
Алматы қаласының аумағында қолайлы эпизоотиялық жағдайды сақтау, сондай-ақ аса қауіпті, оның ішінде, адамдар мен жануарларға ортақ аурулардың таралуын болдырмау мақсатында, Алматы қаласы Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының ШЖҚ «Қалалық ветеринариялық қызметі» КМК жыл сайын құтыруға қарсы вакцинация мен эхинококкозға қарсы гельминтсіздендіруді көздейтін алдын алу іс-шараларын жүргізіп отырады.
2022 жылға құтыруға қарсы 36000 бас ит пен 8000 мысыққа вакцинация егу жоспарланып отыр.
Құтыру – бұл құтыру вирусы (Rabies virus) тудыратын табиғи-ошақты өлімге әкеліп соғатын аса қауіпті жұқпалы ауру. Ауру жануар қауып алған кезде, оның сілекейі арқылы жұғады. Сонан соң нерв жолдары арқылы тарала отырып, вирус сілекей бездеріне, ми қыртысының жүйке жасушаларына, гиппокампқа, бульбар орталығына жетеді де, оларды зақымдай отырып, өлімге әкеліп соғатын ауыр бұзушылықтарды тудырады.
Осыған байланысты, аталған аурудың алдын алу жұмысы қала билігінің ерекше бақылауында тұр. Соңғы отыз алты жыл ішінде Алматы қаласының аумағында адамдардың құтыру ауруын жұқтырған жайттары анықталмады, бұл құтыруға қарсы жүргізілген алдын алу іс-шараларының тиімділігін білдіреді.
Жануар қауып алған/сілекейін жұқтырған жағдайда, құтыруға қарсы көмек алу үшін жедел түрде жақын арадағы жарақат пунктіне жүгіну қажет. Әрі қарай жануарды құтыру ауруының бар-жоғына бақылау жасау үшін орналастыру қажет.
Сондай-ақ, эхинококкоздың алдын алу шеңберінде 44 000 үй жануарын (36 000 ит пен 8000 мысықты) гельминтсіздендіру жоспарланып отыр.
Эхинококкоз – бұл бауырда, өкпеде немесе басқа да органдар мен терілерде паразиттік кисталардың пайда болуымен сипатталатын цестодоз тобының гельминтозы. Қоздырушысы Echinococcus granulosus эхинокогының өсетін, дамитын және адам организмінде ондаған жылдар бойы өмір сүретін личинкалық кезеңі болып табылады, ол іші сұйықтыққа толған дөңгелек немесе сопақ киста түрінде болады.
Инвазияның негізгі көзі – иттер, сондай-ақ ауылшаруашылығы жануарлары – шошқалар, сиырлар, жылқылар және тағы басқа жануарлар болып табылады. Жетілген жұмыртқалар жануарлардың нәжістерімен бөлінеді, сөйтіп олардың жүндері мен қоршаған ортаны ластайды. Адамның ауруды жұқтыруы ауру жануармен байланыста болған кезде, яғни жемістер мен шөптерді жинау, гельминт көздерінің жұмыртқаларымен ластанған суды пайдалану кезінде болады.
Алдын алу іс-шараларын жүргізуге арналған препараттар өтеусіз негізде Республикалық меншіктен (Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің тиісті бөлімшелерінен) келіп түседі.
Алматы қаласының аумағындағы үй жануарларының есебін жүргізу мақсатында, тегін чиптеу бағдарламасы іске қосылды. 15 000 ит пен мысықты қамту жоспарланып отыр.
Барлық деректер жануарлардың қолданыстағы Pet Control тізіліміне енгізілетін болады, онда қазіргі уақытта 136 246 үй жануары (90 035 ит, 46 319 мысық) тіркелген.
Деректер қорына иесі, оның жануары және микрочип нөмірі туралы ақпарат паспортына жануар туралы ақпаратты міндетті түрде енгізу келешекте үй жануарларының есебін жүргізу жұмысын толық белсендіруге мүмкіндік береді.
Чиптеу – бұл жануарларды электрондық бірдейлендіру, ол бірегей жеке 15 таңбалы саннан тұратын нөмірді қамтитын жануардың терісінің астына енгізілетін микрочип және ол жануардың бүкіл өмірінің ішінде өзімен бірге жүреді.
Қалалықтарға ыңғайлы болу үшін, жоғарыда аталған барлық іс-шараларды ветеринариялық қызмет жұмысшылары аула ішілік тексеру жүргізу кезінде жүзеге асырады.
Тапсырысты +7 708 595 64 01телефоны бойынша беруге болады.
Қаланың эпизоотиялық жағдайына әсер ететін маңызды жайттар қаңғыбас және қараусыз қалған жануарлардың болуы, үй жануарларына жауапкершілікпен қарау мәдениетінің болмауы болып табылады.
Қараусыз қалған жануарлар – бұл қазіргі уақытта қалалықтарды толғандыратын аса өткір мәселелердің бірі. Бұған құзырлы органдарға және зооқорғау ұйымдарына азаматтардың қаладағы жануарлармен қатар, оларды аулаудың адамгершілікке жатпайтын әдістеріне деген шағымдары мен өтініштерінің көптеп түсуі дәлел.
Бүгінгі күні, аулау бойынша жұмыс бейне жазудың техникалық құралдарын пайдалана отырып жүргізіледі, ЕДДС 109, ветеринариялық қызметтің диспетчерлік қызметі және Open Almaty қоғамдық қабылдауы арқылы тапсырыс қабылдау жүйесі жұмыс істейді. Халықпен, зооқорғау ұйымдарымен адопция (күшіктер мен мысықтарға басымдық беріледі) мәселелері бойынша түсіндіру жұмысы жүргізіледі. Ауланған жануарлар жөніндегі ақпарат күн сайын ветеринариялық қызметтің интернет-ресурсына орналастырылады.
2022 жылғы 2 наурыздан бастап, Қазақстан Республикасының «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заңының күшіне енуіне байланысты, ауланған қараусыз қалған және қаңғыбас жануарларды, аса қауіпті инфекциялық ауруы және агрессиялық белгілері бар жануарларды қоспағанда, өлтіруге тыйым салынады.
Қазіргі уақытта, уақытша ұстау пунктіне (бұдан әрі – УҰП) түскен кезде, қараусыз қалған және қаңғыбас жануарлар етқоректілердің оба және микроспория ауруларының бары-жоғына тексеруден өтеді. Оң нәтиже болған жағдайда, жануар аталған заңға сәйкес, дәрілік жолмен ұйықтатуға жатады.
Сондай-ақ, жуық арада тиісті кәсіби мамандармен – кинологтармен жануардың, жекелей алғанда, иттердің агрессиясын анықтау рәсімін өткізуді ұйымдастыру жоспарланып отыр.
Күн сайын (демалыс және мейрам күндерін айтпағанда), білім беру мекемелерінің (балабақшалар, мектептер және т.с.с.) тапсырыстары, сондай-ақ азаматтардың қаңғыбас жануардың агрессиясына немесе қауып алу қаупіне деген жедел жүгінулері бойынша аулау жүргізіледі.
Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің ақпараты бойынша, Қазақстан Республикасының «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заңынан туындайтын сәйкес кіші заңдар, оның ішінде, қараусыз қалған және қаңғыбас жануарларды аулаудың, уақытша ұстаудың, және өлтірудің тұрпатты қағидалары ағымдағы жылғы 1 сәуірде қабылдануы тиіс болатын. Алайда, күні бүгінге дейін аталған Қағидалар бекітілмеді. Алдын ала берілген ақпарат бойынша оны 2022 жылғы мамыр айында бекіту жоспарланып отыр.
Жоғарыда аталған Қағидалардың жобасына сәйкес, жануарды уақытша ұстау пунктінде ұстау 5 күнмен шектелетін болады. Бұдан әрі, жануар вакцинация, зарарсыздандыру рәсімдерінен өтуі және ауланған орындарына шығарылуы тиіс.
Аталған құжат қабылданғаннан кейін жануарды үшінші тұлғаға беру (адопция) бойынша жұмысты күшейту, халықтың арасында жануарға жауапкершілікпен қарау мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу, жіберілген қараусыз қалған және қаңғыбас жануарларды қадағалау бойынша зооеріктілермен белсенді жұмыс жүргізу жоспарланып отыр.