Лого

Меню

Страницы

Статья

Алматы қаласының әкімі Е.А. Досаевтың Наурызбай ауданының тұрғындарымен кездесуіндегі баяндамасы

Құрметті Наурызбай ауданының тұрғындары!

 

Бүгін Сіздерді Наурызбай ауданындағы кездесуімізде көргеніме қуаныштымын!

Наурызбай ауданы құрылған кезден бастап 2014 жылы инвестициялар тарту көрсеткіштері 16 есе, салық түсімдері 45 есе, өндіріс көлемі 2 есе өсті, шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 7 есе артты.

Дегенмен, осындай жақсы экономикалық динамикаға  қарамастан, Наурызбай ауданында бірқатар проблемалық мәселелер бар. Тұрғындарымыздың өмір сүру сапасын  жақсарту үшін Алматы қаласының әкімдігі оларды шешуге ерекше назар аударуы тиіс.

БІРІНШІ. Сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету және канализация жүйесі, сондай-ақ электр желілері негізгі проблема ретінде қала бермек.

Қазіргі таңда аудан халқының тек 30%-ті таза ауыз сумен қамтамасыз етілген, ал 70%-ті ашық су қоймалары мен жеке скважиналардың суын пайдаланады. Осыған байланысты, қазіргі уақыттағы басты басымдық аудан тұрғындарын 100% таза ауыз сумен қамтамасыз ету.

Осы проблеманы шешу үшін Наурызбай ауданының  8 шағын ауданында 150 км су құбыры (80% аяқталды) және 75 км канализация желісі (95% аяқталды) салынып жатыр.

Тастыбұлақ, Таужолы, Жайлау, Қарғалы, Құрамыс шағын аудандарында инженерлік желілердің құрылысы аяқталды.

Ақжар және Шұғыла шағын аудандарында инженерлік желілерді салу жұмыстары жүріп жатыр, олар осы жылдың соңына дейін аяқталады.

Сондай-ақ, қазіргі уақытта Ақжар, Шұғыла, Тастыбұлақ шағын аудандарына және 48 бау-бақша қоғамына 37 км су құбыры мен канализация жүргізу үшін жоба әзірленіп жатыр. Жоба 2023 жылдың сәуір айында аяқталады.

Биылғы жылы жаңа тазарту жүйесі бар «Қарғалы» су тартқышының құрылысын аяқтаймыз және Ақсай өзенінде су тарту құрылғысын салу жұмыстарын бастаймыз.

Бұл ретте, жаңадан қосылған аумақтарға орталықтан канализация тарту үшін ұзындығы 33 км болатын Батыс канализациялық  коллекторды салуға жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде.

Электр энергиясымен қамтамасыз ету

Бүгінде Наурызбай ауданында 512 трансформаторлық подстанцияның (678,2 км желі) 282-сі жеке меншікте (160,4 км желі). Бұл подстанцияны пайдаланушылар электр энергиясына орташа қалалық тарифтен 2 есе көп төлейді. Осы орайда бұл желілер орта есеппен 80%-ке тозған.

Бұл проблеманы шешу үшін әкімдік трансформаторлық подстанциялар мен желілерді коммуналдық меншікке беруде. Бүгінгі таңда 80-і «Алатау Жарық Компаниясы» акционерлік қоғамының балансына берілді, 39-ы (80 км желі) дайын және жақын уақытта берілетін болады. Осы бағыттағы жұмыстарды тоқтатпаймыз. Қалған 166 жеке трансформаторлық қосалқы станциялар бойынша осы жылдың соңына дейін техникалық аудит жүргізіп, "Алатау Жарық Компаниясы"АҚ балансына берілетін ТК тізімін түпкілікті анықтауды менің орынбасарым М.Б. Әзірбаевқа тапсырамын.

ЕКІНШІ. Көлік жүйесін теңгерімді дамыту қажеттілігі өзекті мәселе болып қалуда.

Аудандағы көлік инфрақұрылымының негізгі проблемалары маршруттардың жетіспеуі және олардың тұрақты қатынамауы,  жылжымалы құрамның жетіспеуі, сондай-ақ автобус аялдамаларының аз болуы.

Метроның 2 жаңа станциясын іске қосу жоспарланған, сондықтан осы жылдың 1 қыркүйегіне дейін қаланың батыс бөлігіндегі маршруттық желіге оптимизация жүргізуді қарастырып жатырмыз. Осылайша, Наурызбай ауданында 3 жаңа маршрут ашылады (қоғаммен талқыланып жатыр), қазіргі 5 маршрут күшейтіледі (қоғаммен талқыланып жатыр), бұл көлік қызметін айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік береді.

Аялдама кешендерін салу қажеттілігіне жеке тоқталып өткім келеді. Қазіргі таңда 35 бірлік аялдама бар. Бұл ретте, қазіргі тығыз орналасу жағдайына байланысты (жолдардың тар болуы, бау-бақша серіктестіктерін салу кезінде қызыл линиядан асып кету) осы жылдың соңына дейін талаптарға сәйкес келетін, барлығы 8 аялдама орнатылады, қалған 27 учаскеде «Аялдама» деген белгісі бар стойка қойылады.

Көпқабатты тұрғын үйлердің көптеп салынуына байланысты, сарапшылардың бағалауы бойынша алдағы 5 жылда Наурызбай ауданы халқының саны 150 мың адамға артады деп күтілуде.

Осыған байланысты, метро трассасы «Қалқаман» станциясынан «Барлық» базарының жанындағы станцияға дейін Әшімов көшесінің бойымен өзгертілді.

Қазіргі уақытта «Қалқаман» станциясының құрылысы басталды. Ол Абай даңғылымен Яссауи көшесінен батысқа қарай Әшімов көшесіне дейін орналасқан (аяқтаудың жоспарланған мерзімі 2025 ж.).

Биыл 14,5 км жолды жөндеу (Шұғыла және Тастыбұлақ шағын аудандарында) және осы жылдың сәуір айында Ақжар шағын ауданындағы 89 көшеге 45 км жол төсеу жұмыстары басталды.

Сондай-ақ, Абай даңғылы ауданның әкімшілік орталығынан қала шекарасына дейін 600 метрге ұзартылатын болады. 73 жер учаскесін сатып алу қажет, 41 учаске сатып алынды, қалғандары 2023 жылдың соңына дейін құрылыс барысында алынады.

Төле би көшесі ұзартылып жатыр. Биыл Алматы қаласының әкімдігі инженерлік коммуникацияларды қайта орнату және «Алма Сити» тұрғын үй кешенінің ауданында жол төсеу жұмыстарын жүргізетін болады.

Сондай-ақ, ағымдағы жылдың соңына дейін Момышұлы көшесінен қала шекарасына дейін (5,3 км) Жұбанов көшесін ұзартуды жобалау аяқталады.

Осы аталған жобаларды орындау магистральдық жол желісін тығыздауға мүмкіндік береді және Наурызбай ауданының мегаполистің іскерлік орталығымен көліктік қатынасын  қамтамасыз етеді.

ҮШІНШІ. Халық санының жылдам өсуіне, сондай-ақ тұрғын үйлердің көптеп салынуына байланысты әлеуметтік объектілер мен қоғамдық кеңістіктер жетіспейді.

Денсаулық сақтау саласы.

Тіркелген халық саны 137 мың адам.

Қолданыстағы 4 мемлекеттік емханада жоспарлы қуаттың 40%-ға артқаны байқалады (жоспарлы қуаты – 1400 адам, нақты-1989 адам), бұл инфрақұрылымды дамытудың жылдам қарқынына және халықтың жыл сайынғы 10-12 мың адамға өсуіне байланысты.

Биыл Құрамыс шағын ауданында 500 орындық емхана (жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде) және Ақжар шағын ауданында 200 орындық дәрігерлік амбулатория (жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде) салу жоспарда бар. 

Сонымен қатар, «Алмасити», «Нұрлы дала» тұрғын үй кешендері жанынан емхана салу үшін жер учаскесін сатып алу мүмкіндігі қарастырылып жатыр.

Білім беру саласы

Қазіргі уақытта Наурызбай ауданының мектептердегі орын тапшылығы 7 790 құрайды. Бала туу мен ішкі көшіп-қонудың жоғары деңгейіне байланысты таяу жылдары орын тапшылығы сақталатын болады.

Анықтама: бүгінде ауданда 20 мектеп жұмыс істейді (10 мемлекеттік және 10 жеке меншік мектеп)

Биыл 4500 орындық 3 мектеп салынып жатыр (Қалқаман шағын ауданында бірінші мектеп – 1800 орындық, екінші мектеп - 1500 орындық, және Шұғыла шағын ауданында әрқайсысы 1200 орындық 2 мектеп).

Сонымен қатар, ауданға бала бақшалар қажет, олардағы орын тапшылығы 5 мыңнан асады.

Осы мәселені шешу үшін осы жылдың басынан бері жеке инвестицияларды тарта отырып, 400 орындық 7 жеке меншік балабақша ашылды.

 Сонымен қатар, осы жылдың соңына дейін 200 орындық тағы 5 жеке меншік балабақша ашу жоспарланған.

 

Қоғамдық кеңістікті дамыту

Қоғамдық кеңістіктердің жеткілікті мөлшерде болуы өмір сүру сапасының маңызды компоненті болып табылады.

Қазіргі уақытта Шұғыла шағын ауданында заманауи Инновациялық шығармашылық орталық пен парктің құрылысы жүріп жатыр. Сонымен қатар, мектеп, балабақша,
500 келушіге арналған емхана, 100 келушіге арналған дене шынықтыру-сауықтыру кешені, өрт сөндіру депосы және 1 сквердің жобасы әзірленуде. 

Сондай-ақ «Алматы қаласы Наурызбай ауданындағы сел  плотинасынан Жандосов көшесіне дейін Қарғалы өзенінің жағалауын реконструкциялауға (абаттандыру және көгалдандыру)» жобалау-сметалық құжаттама әзірленді. Абаттандыру жүргізілетін учаскенің ауданы 4,6 га құрайды, құрылыс-монтаждау жұмыстарын 2023 жылы бастау жоспарланған.

 

ТӨРТІНШІ. Наурызбай ауданында халықтың тұрмысы төмен бөлігінің проблемаларын шешу жұмыстары жалғасуда.

Бүгінде мүмкіндігі шектеулі адамдар санының өсуі алаңдатады. Оның 2800-ден астамы Наурызбай ауданында тұрады.

Жұмыс істейтін мүгедектерді қолдау үшін біз осы жылдың басынан бастап мүгедектерге арналған әлеуметтік жұмыс орындарын субсидиялау көлемін – 63 мыңнан 92 мың теңгеге дейін көбейттік, осы мақсаттарға 413 млн.теңге (980 орын) бөлдік.

Мүгедек адамдарға арналған әлеуметтік инфрақұрылым объектілерінің қолжетімділігін шешу үшін Алматыда 2022 жылдың басында тиісті Жоспар бекітілді. Наурызбай ауданы үшін 25 объектіні бейімдеу көзделген.

Жаяу адамдарға арналған жерүсті көпірлеріндегі жұмыс істемейтін лифтілер алаңдатады. 2022 жылдың шілде айында             3 жерүсті өткеліне күрделі жөндеу жүргізіледі. Мүмкіндігі шектеулі адамдар ғана пайдалануы тиіс лифтілер жөнделетін болады.

БЕСІНШІ. Жайлылықты дамыту және қаланы абаттандыруды жақсарту үшін 2019 жылдан бастап Алматыда «Халықтың бюджетке қатысуы» жобасы іске асырылады.

2022 жылы менің тапсырмам бойынша Наурызбай ауданы үшін осы жоба бойынша қаржыландыру көлемі 500 млн. теңгеге 1,8 млрд. теңгеге дейін көбейтілді.

Наурызбай ауданы тұрғындарының ұсыныстары бойынша
47 жоба таңдап алынды. Бұл жобаларда жаяу жүргіншілер аймақтарын абаттандыру мен көгалдандыру, балалар ойын және спорт алаңдарын салу, жарықтандыру мен шағын сәулеттік мүсіндерді орнату, аудан тұрғындары демалатын парктер салу, сондай-ақ «Тастыбұлақ» өзенінің жағалауын абаттандыру және жасыл екпелер отырғызу, аула аумақтарын ағымдағы жөндеу көзделеді.

Наурызбай ауданындағы тағы бір проблема суаруға және жаңбыр мен қар суларын бұруға арналған арық желісінің болмауы, бұл көшелердің, тұрғын үйлер мен әкімшілік ғимараттардың су басуына алып келеді. Осы проблеманы шешу үшін Наурызбай ауданында жалпы ұзындығы 33 км 34 көшеге арық желісін салу жұмыстары басталды.

 

Құрметті алматылықтар!

Өздеріңізге белгілі, елімізде 5 маусымда ауқымды республикалық референдум өткелі жатыр. Бұл – соңғы 27 жыл ішінде тұңғыш рет өткізілетін, тарихи мәні зор, ел өміріндегі елеулі оқиға.

Референдум дегеніміз зайырлы, құқықтық мемлекет үшін маңызды өзгерістерді халықпен кеңесе отырып шешу. Осынау бүкілхалықтық референдумда еліміздің Конституциясына енгізілетін іргелі өзгерістер мен толықтырулар дауысқа салынбақ. Конституция – ел өмірінің барлық саласын қамтып, мемлекеттіліктің негізін, қоғамдық қатынастардың өзегін реттейтін басты заң, ерекше ұстын болғандықтан, оған енгізілетін өзгерістерді көп болып талқылау, кеңесе отырып ортақ шешім қабылдау – айрықша маңызды.

Сондықтан бұл референдумнан еліміздің ешбір азаматы қалыс қалмауы керек. Өйткені мұнда халықтың бүгінгі өмірі ғана емес, ертеңгі ұрпақ, келер буынның да тағдырына тікелей әсер ететін келелі шешімдер қабылданбақ. Еліміздің болашағына, қоғам өміріне бейжай қарамайтын барша азамат, қаламыздың тұрғындары осынау маңызды шараға бір кісідей атсалысып, өз таңдауын жасайды деп сенемін. Өйткені, бұл – азаматтық ұстанымымыздың көрсеткіші, елдігімізге сын.

Ендеше, әрқайсымыз межелі күні аталған шараның басынан табылайық.

 

Құрметті Наурызбай ауданының тұрғындары!

Мен Сіздердің қордаланған мәселелеріңізді тыңдауға, оларды шешу жолдарын талқылауға және олар бойынша нақты шаралар қабылдауға дайынмын.

Қазір Сіздердің сұрақтарыңызға көшуге дайынмын.

Назарларыңызға рақмет!

Дата публикации
19 мая 2022
Дата обновления
19 мая 2022
Тип
Баяндама

Сейчас читают

Ақпарат
20 октября 2026
Aудиороликтер
Ақпарат
20 октября 2026
Электрoнды БАҚ
Ақпарат
20 октября 2026
Онлайн платформаларды пайдаланушылар

Социальные медиа

Facebook
Twitter
Instagram

Меню подвал

ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы