
Құрметті журналистер!
Сіздерге ағымдағы жылдың бірінші тоқсанындағы Алматының әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру үшін қабылданып жатқан шаралар туралы ақпараттар беруге рұқсат етіңіз.
Бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша Алматы қаласында экономикалық өсу қарқыны мен іскерлік белсенділіктің қалпына келе бастауы байқалады. Мәселен, ағымдағы жылдың үш айында қала 19,8% – ға өсуге қол жеткізе отырып, 248 млрд.теңгеден астам инвестиция тартылды (ҚР – 2 263,1 млрд. теңге немесе-101,5%).
Инвестицияның едәуір көлемі жылжымайтын мүлік (131,4 млрд.теңге), көлік және қоймалау (27,2 млрд. теңге), өнеркәсіп (20,4 млрд. теңге), қаржы және сақтандыру қызметі (14,8 млрд. теңге) салаларында тартылды.
Өнеркәсіп өнімін өндіру көлемі дамудың оң серпінін көрсетуде. Бірінші тоқсанда Алматыда 387,8 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, 11,5% - ға артты. Өңдеу өнеркәсібінің 18% - ға өсуін ерекше атап өткім келеді, бұл ең алдымен машина жасаудың белсенді дамуына -1,7 есе өсуіне байланысты.
Тамақ өнімдері өндірісінде 1,6% – ға (63,5 млрд. теңге, үлесі – 20,4%); өзге де металл емес минералдық өнімдер өндірісінде 41,1% - ға(13,9 млрд. теңге, үлесі-4,5%); сусындар өндірісінде 10,5% - ға (15,6 млрд. теңге, үлесі -5%); жеңіл өнеркәсіпте 2,9 есеге (3,8 млрд., үлесі -1,2%); негізгі фармацевтикалық өнімдер мен фармацевтикалық препараттар 5,4% - ға (5,8 млрд.теңге, үлесі -1,9%); химия өнеркәсібі өнімдерін өндіру 26% - ға (3,2 млрд. теңге, үлесі -1%).
Қаңтар айындағы оқиғалардан кейін сауда және қызмет көрсету саласы қайта қалпына келді. Бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша бөлшек сауда көлемі 737,8 млрд.теңгені, көтерме сауда айналымы - 2,4 трлн. теңгені құрады.
Өздеріңізге белгілі, Алматыдағы өңірлік комиссия бизнеске келтірілген залалды дереу өтеуге кірісті. Бүгінгі таңда комиссия жалпы сомасы 11 млрд.теңгеден (11 045,9 млн. тг) астам 1499 өтінімді мақұлдады. Зардап шеккен кәсіпкерлердің 95% - ы өтемақы алды. Бүгін олар келушілерге есігін айқара ашып, әдеттегі қызметін қайта бастап кетті.
Комиссияның қарауында сараптама жүргізуді, ЖСҚ әзірлеуді және растайтын құжаттарды қалпына келтіруді талап ететін ең күрделі жағдайлар қалды. Бизнеске келтірілген залалды өтеу жұмыстарын ағымдағы жылдың мамыр айында аяқтауды жоспарлап отырмыз.
Тұтастай алғанда, Алматыдағы шағын және орта бизнес өзінің ұтқырлығы мен икемділігіне байланысты жаңа жағдайға тез бейімделе алады. Жылдың алғашқы үш айының қорытындысы бойынша біз жеке кәсіпкерлікте жақсы өсу әлеуетін байқадық. Мәселен, жұмыс істеп тұрған ШОБ субъектілерінің саны 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10,5% - ға өсіп, 217 822 бірлікті құрады.
Біздің ең маңызды міндеттеріміздің бірі – кәсіпкерлерге көлеңкеден шығуға көмектесу және азаматтарды белсенді экономикалық қызметке тарту. Ол үшін біз дәстүрлі сауданы заманауи өркениетті форматқа ауыстырамыз.
Бүгінде Алматыда 52 базар жұмыс істейді, онда 20 мыңнан астам кәсіпкер бизнес жүргізеді. Қазіргі уақытта 28 базар жаңғыртылды. 25 млрд. теңгеден астам инвестиция салынды, жұмыс орындарының саны 3,4 мыңға артты, бүгінгі таңда 16 қалалық базарда жаңғырту жұмыстары жүргізілуде, олардың 4 - і жұмысты осы жылдың соңына дейін аяқтайды («Байсат» - II кезең, «Қазына» - I кезең, «Кенжехан» - II кезең, «Барыс – 4» - II кезең).
Осы қызметтің нәтижесінде біз сауда жағдайларын жақсартып қана қоймай, антисанитарлық және стихиялық сауданы тоқтатамыз, базар қызметкерлері жұмыс берушілерден жалақы мен қажетті әлеуметтік аударымдарды ала алады, сауда қызметінен бюджетке салық аударымдары ашық болады.
ӘМАТ бағасын тұрақтандыру үшін қабылданып жатқан шараларға қатысты - бүгінде бұл мәселе Басқарманың ерекше бақылауында тұр. Біз бар күшімізді қаланың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын ұстап тұруға жұмсаудамыз.
Біріншіден, қазіргі уақытта қалада өндірушілерде дайын өнім мен шикізаттың жеткілікті көлемі бар. Бұл қорлар күн сайын ел өңірлерінен фермерлер мен тауар өндірушілер әкеліп толықтырылуда, сондықтан әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тапшылығы болжанбайды.
Екіншіден, ірі жеткізушілерге, өндірушілерге және сауда желілеріне жеңілдетілген несие беру тетігі енгізілді, бұл делдалдар тізбегін айналып өтіп, сөрелердегі сату бағаларын тұрақтандыруға мүмкіндік береді.
Түркістан облысының өндірушілерімен ерте пісетін қырыққабатты жеткізу бойынша уағдаластыққа қол жеткізілді, бірінші партиясы қазірдің өзінде қала сөрелеріне келіп түсті. Мамыр айынан бастап тамыз айының соңына дейін 7 мың тоннадан астам картоп, пияз және сәбіз жеткізіледі. Шілде айынан бастап Алматы облысынан 3,5 мың тонна көкөніс (картоп, сәбіз, пияз, қырыққабат) жеткізу жоспарлануда.
5 мың тонна картоп және 2 мың тонна сәбіз отырғызу үшін Павлодар облысының тауар өндірушілеріне 300 млн. теңге бөлу жоспарлануда.
Нан бағасын ұстап тұру мақсатында «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» ҰҚ» АҚ қорынан қаланың ұн тарту кәсіпорындарына субсидияланған астықты жеткізу жалғасуда. Әлеуметтік нанның сату бағасын белгілеу үшін «Алматыдән» ЖШС-не 150 млн.теңге мөлшерінде айналым заемын бөлу жоспарлануда.
Жалпы, ӘМАТ бағасының өсуін тұрақтандыру үшін «Тоймарт» (515,5 млн.теңге) және «Магнум» (5,8 млрд. теңге) сауда желілерімен қарыз алу шарттары ұзартылды. Қосымша, 2 млрд.теңге ӘМАТ-ты белгіленген бағамен сату үшін «Small» желісінде, сондай-ақ жұмыртқаны төмендетілген бағамен сату үшін «Когер» ЖШС-не 1 млрд. теңге салынатын болады.
Бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу мақсатында В, С класты дүкендеріндегі бағаларға мониторинг жүргізіледі және ірі дистрибьютерлер мен өндірушілерден тікелей көтерме бағалар бойынша бакалея өнімдерін тікелей жеткізу ұйымдастырылған. Сонымен, «үй жанындағы» 1 мыңнан астам дүкен жеткізіліммен қамтылған, онда 8 ӘМАТ атауы бойынша (жұмыртқа, қант, күріш, ұн, күнбағыс майы, қарақұмық, рожки, тұз) шамамен 1,5 мың тонна өнім тиелген.
Бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу үшін «Алматы қаласы бойынша Бәсекелестікті қорғау және дамыту департаментімен» бірлесіп ӘМАТ-қа сауда үстемесінің 15% сақталуын бақылау бойынша жұмыс жүргізілуде.
Жалпы, жыл басынан бері Алматыда ӘМАТ баға индексі орташа республикалық деңгейде (Алматы – 114,2%, ҚР – 114,1%). Қорытындылай келе, Алматыда бағаны ұстап тұру үшін кешенді жұмыс жүргізіліп, барлық қажетті шаралар қабылданғанын атап өткім келеді.