
Алматы қаласының Қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасы «Алматы қаласындағы үй-жайлардың шегінен тыс ашық кеңістікте, ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарының бөлінген белдеуінде, үй-жайлардың шегінен тыс ашық кеңістікте және ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарының бөлінген белдеуінен тыс жерде сыртқы (көрнекі) жарнама объектілерін орнату қағидаларын бекіту туралы» Алматы қаласы әкімдігі қаулысының жобасын әзірледі.
Құжат Қазақстан Республикасының «Алматы қаласының ерекше мәртебесі туралы» Заңының 4-бабы 9-33) тармақшасына және Қазақстан Республикасының «Жарнама туралы» Заңының 17-2-бабы 4-тармағына сәйкес әзірленіп, Алматы қаласындағы үй-жайлардың шегінен тыс ашық кеңістікте сыртқы (көрнекі) жарнама объектілерін орналастыру тәртібін айқындайды.
Жоба жол жүрісіне қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жарнамалық конструкцияларға қойылатын талаптарды белгілеуге, сондай-ақ қаланың сәулеттік келбетін сақтауға бағытталған.
Жобаны бекіту Алматының Республиканың ең ірі мегаполисі, сондай-ақ елдің ғылыми, мәдени, тарихи, өндірістік және қаржы орталығы болып табылатынына негізделген. Тиісінше, Алматыда ашық кеңістікте орналастырылған жарнаманы әлеуетті тұтынушылардың саны ерекше көп, бұл саланы реттеудің маңыздылығын арттырады.
Қаулы жобасының қабылдануы сыртқы жарнаманы орналастыру саласындағы талаптарды нақтылауға, жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және Алматының сәулеттік келбетін сақтауға ықпал етеді.
Қаулы жобасының мәтінімен ашық нормативтік-құқықтық актілер порталында танысуға болады. Жобаны «Ашық НҚА» порталында талқылауға қатысуға шақырамыз: https://legalacts.egov.kz/npa/view?id=15898988