
Алматы қаласының әкімдігі «Алматы қаласының әкімдігінің 2023 жылғы 13 маусымдағы № 2/341 «Алматы қаласында үй-жайлардан тыс ашық кеңістікте, жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдарының бөлу жолағында, Алматы қаласы үй-жайларынан тыс ашық кеңістікте және жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдарының бөлу жолағынан тыс жерлерде сыртқы (визуалды) жарнама объектілерін орнату қағидаларын бекіту туралы» қаулысына өзгерістер енгізу туралы» қаулы жобасын әзірлегенін хабарлайды.
Құжат Мемлекет басшысының қолайлы, қауіпсіз және эстетикалық тартымды қалалық ортаны қалыптастыруға бағытталған тапсырмаларын іске асыру, сондай-ақ халықтың тіршілік әрекеті мен кәсіпкерлік объектілерінің тәулік бойы жұмыс істеуі үшін қолайлы жағдайлар жасауды көздейтін «Алматы – ешқашан ұйықтамайтын қала» тұжырымдамасын одан әрі дамыту шеңберінде әзірленді.
Мегаполистерді дамытудың заманауи үрдістері қалалық инфрақұрылымның сапасын арттыруды, сәулеттік ортаның визуалды үйлесімділігін қамтамасыз етуді және бірыңғай дизайн-кодты қалыптастыруды көздейді. Осыған байланысты сыртқы жарнама объектілеріне қойылатын талаптарды қалалық ортаны тұрақты дамыту міндеттеріне сәйкестендіру мақсатында нормативтік реттеуді жетілдіру қажеттілігі өзектіленіп отыр.
Ұсынылып отырған өзгерістер мыналарға бағытталған:
– қалалық инфрақұрылым объектілеріне қойылатын талаптарды ретке келтіру;
– қаланың сәулеттік келбетінің эстетикалық тұтастығын қамтамасыз ету;
– шағын және орта бизнесті дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау;
– қаланың инвестициялық тартымдылығын арттыру;
– Алматының серпінді дамып келе жатқан мегаполис ретіндегі заманауи және танымал имиджін қалыптастыру.
Аталған өзгерістерді қабылдау сыртқы жарнама саласын реттеуге жүйелі көзқарасты қамтамасыз етуге, қалалық ортаның сапасын арттыруға және қаланың одан әрі тұрақты дамуы үшін жағдайлар жасауға мүмкіндік береді.
Қаулы жобасының мәтінімен ашық нормативтік-құқықтық актілер порталында танысуға болады. Жобаны «Ашық НҚА» порталында талқылауға қатысуға шақырамыз: https://legalacts.egov.kz/npa/view?id=15898995