
Алматы қаласының Сәулет және қала құрылысы басқармасы электрондық үкімет порталында Алматы қаласы мәслихатының 2024 жылғы 25 желтоқсандағы № 193 «Алматы қаласының аумағын салу қағидаларын бекіту туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы Алматы қаласы мәслихаты шешімінің жобасы жарияланғанын хабарлайды.
Құжат Алматы қаласының аумағын салу қағидаларын Қазақстан Республикасының Құрылыс кодексіне сәйкестендіру, Қағидалардың жекелеген ережелерін өзектендіру және қала құрылысы талаптарының біркелкі қолданылуын қамтамасыз ету мақсатында әзірленді.
Шешім жобасында бүкіл мәтін бойынша «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сілтемелерді Қазақстан Республикасының Құрылыс кодексіне сілтемелермен ауыстыру, сәулет-қала құрылысы кеңесі ұғымын нақтылау, сондай-ақ жобалау құжаттамасына сараптама жүргізу және құрылыс объектілерін пайдалануға қабылдау тәртібін өзектендіру көзделеді. Талғар трактісінен, Шығыс айналма автомобиль жолынан (ШААЖ), Әл-Фараби даңғылынан, Саин көшесінен және Жандосов көшесінен (Саин көшесінен қала шекарасына дейін) оңтүстікке қарай орналасқан аумақтарды салуға қойылатын талаптарға ерекше назар аударылған. Барлық құрылыс түрлері үшін үш қабаттан және оған қосымша цокольдық қабаттан аспайтын, ең жоғары биіктігі 12 метрден аспайтын параметрлер белгіленеді. Денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет және діни объектілердің биіктігі 25 метрден аспауға тиіс. Бас жоспарда көзделген әлеуметтік инфрақұрылым және туристік кластер объектілерін қоспағанда, көппәтерлі тұрғын үйлер мен кешендерді салуға шектеулер белгіленеді.
Ұсынылып отырған өзгерістер:
– Алматы қаласының аумағын салу қағидаларын Қазақстан Республикасының Құрылыс кодексіне сәйкестендіруге;
– қаланың тау бөктері бөлігін салудың қала құрылысы параметрлері мен шектеулерін нақтылауға;
– еңістік тіктігі 15 градус және одан жоғары алаңдарда құрылыс салуға жол бермеуге және жер учаскесінің сипаттамаларын айқындау тәртібін нақтылауға;
– жобалау және жобалау-сметалық құжаттамасына сараптама жүргізуге қойылатын талаптарды өзектендіруге;
– белгіленген жағдайларда атқарушылық геодезиялық түсірілім мен сейсмикалық төзімділікке техникалық тексеру талаптарын қоса алғанда, объектілерді пайдалануға қабылдау актілерін есепке алу тәртібін нақтылауға бағытталған.
Аталған өзгерістерді қабылдау Алматы қаласының аумағын салу қағидаларын өзектендіруге, Қазақстан Республикасының Құрылыс кодексі талаптарының біркелкі қолданылуын қамтамасыз етуге және қала аумағын салу кезінде қала құрылысы регламенттерін қолданудың неғұрлым нақты тәртібін белгілеуге мүмкіндік береді.
Жобаны қабылдау теріс әлеуметтік-экономикалық және (немесе) құқықтық салдарға әкеп соқпайды.
Жобаны «Ашық НҚА» порталында талқылауға қатысуға шақырамыз: https://legalacts.egov.kz/npa/view?id=15901697