
Жалға алу төлемдерін төлеуден 1100-ден аса кәсіпкер босатылды
Алматы — бизнес пен жеке капитал қаласы, ел бойынша ЖІӨ-нің 20%-ын қамтиды.
Бұл ретте 10 алматылықтың 6-уы шағын және орта кәсіпкерлік саласында жұмыс істейді. Бүкіл әлем бойынша жарияланған пандемияға байланысты елде, оның ішінде Алматы қаласында да шектеу шаралары қабылданды. Бұл шаралар сауда, қызмет көрсету, көлік және басқалары сияқты белгілі бір салалардағы құлдырауға әсер етті. Сонымен қатар, электрондық сауда, онлайн-жеткізу, жеке медициналық ұйымдардың жұмысында, сондай-ақ коммуникация және байланыс саласында көрсеткіштердің айтарлықтай өсуі байқалады.
Экономикалық жағдайға және карантин кезеңіндегі шектеу шараларына қарамастан, жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 2020 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша 195 212 бірлікті құрайды, бұл 2019 жылдан 2,6%-ға жоғары. Жұмыс істеп тұрған ШОК бойынша Алматы қаласының үлесі ҚР-ның 14,6% құрайды және көшбасшылық позицияны иеленеді.
Шағын және орта кәсіпкерлікте жұмыспен қамтылғандар санының көрсеткішін талдау жұмыспен қамту проблемасын шешудегі кәсіпкерліктің мәнін сипаттайды. Бұл салада белсенді жұмыс істейтін Алматы қаласы халқының үлес салмағы 01.04.2020 жылғы мәлімет бойынша жұмыспен қамтылғандардың жалпы санының 62%-ын немесе 596,2 мың адамды құрады. Сондай-ақ, жұмыс істеп тұрған ШОК-тың өнімдер шығаруы жыл сайын өсіп келеді. Осы жылдың І тоқсанында ол 13,2%-ға өсіп, 1 877,9 млрд теңгені құрады, қаланың ЖӨӨ-дегі ШОК үлесі 42,4% құрады.
Әкімдік экономиканы қалпына келтіру бойынша дағдарысқа қарсы барлық қажетті шараларды қабылдауда. Осылайша, бизнесті қолдау аясында мемлекеттік және өңірлік бағдарламаларды іске асыру үшін қаржыландыру сомасы 3 есеге ұлғайды, бұл шамамен 36 млрд теңгені құрайды.
Анықтама:
«БЖК-2025» — 9,3 млрд теңге. Өзгерістер енгізілді: сома 7 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды, салалық шектеулер алынып тасталды, мөлшерлеме біріздендірілді — 6%. 320 жоба мақұлданды.
«Еңбек» — 2 млрд теңге. 1,3 млрд теңгенің 99 жобасы мақұлданды.
«Қарапайым заттар экономикасы» — 95,9 млрд теңгеге 56 жоба қаржыландырылды.
АӨК дамыту бағдарламасы — 4,5 млрд теңге. 374 жоба мақұлданды.
«Almaty Business-2025» - 12,2 млрд теңге. Мөлшерлемені 7%-дан 6%-ға дейін төмендету бойынша өзгерістер енгізілді, сома 300 млн-нан 500 млн теңгеге дейін ұлғайды. 7,3 млрд теңгенің 66 жобасы мақұлданды.
«Almaty Business» — 8 млрд теңге. 5 аудан үшін мөлшерлемені 7%-дан 5%-ға дейін төмендету туралы мәселе көтерілді. 2,7 млрд теңгенің 40 жобасы мақұлданды. Мемлекеттік бағдарламалар аясында қолдаудан басқа, Президент Жолдауын орындау үшін 376 млн теңге сомасына 1100-ден астам кәсіпкер мемлекеттік нысандар бойынша жалдау төлемдерін төлеуден босатылды. Жарияланған жеңілдіктер аясында қаланың 75 мыңға жуық кәсіпкерінің 23 млрд теңгеден астам сомаға салықтарын төлеуі кейінге қалдырылды. 127 млрд теңге сомасына 360 мың қарыз бойынша несиелерді төлеу кейінге шегерілді. Локдаун кезеңінде ірі сауда және қызмет көрсету объектілерінің жабылуына байланысты бизнесті жалдау ақысын төлеуден босату мәселесі де пысықталды. Мәселен, 200-ден астам нысанның (СОО, қоғамдық тамақтандыру, базарлар) меншік иелері 20 мыңға жуық кәсіпкерді 3 айға дейінгі мерзімге жалға беруден босатты. Сонымен қатар, бүгінгі күні қаржылық емес қолдау аясында қала әкімдігі бизнес негіздеріне оқыту бойынша тегін білім беру платформасын әзірледі және іске қосты. Бүгінгі таңда платформада 40 мыңға жуық қатысушы тіркелген. COVID-19 пандемиясы Алматыдағы экономикалық жағдайға теріс әсер етті. Корона дағдарысы көптеген шағын және орта бизнес, сауда, қызмет көрсету және туризм салаларына соққы берді. Жалпы, биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында Алматының ЖӨӨ көлемі 5,5%-ға төмендеді. Елбасының және Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкімет салықтық ынталандыру, кредиттеуді кеңейту, инфрақұрылымды дамыту, өндірісті, кәсіпкерлікті қолдау және жұмыспен қамтуды сақтау бойынша теңдессіз шаралар қабылдады. Сонымен қатар, пандемия жағдайында тұтынудың онлайн-форматқа ауқымды ауысуы байқалды. Бұл жерде Алматы қаласы көш бастап тұр.
Сондай-ақ, қашықтан білім беру мен жұмыс істеу формасы жаңа серпінге ие болды, азық-түлік, эпидемиологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінді, дәрілік заттардың тұрақтандыру қоры жедел құрылды. Пандемия жағдайында өнеркәсіп, байланыс, құрылыс салалары тұрақты жұмыс істейді.
Қаңтар-тамыз айларында Алматыда фармтауарлар мен медициналық препараттарды сату ұлғайды
Қала дәстүрлі түрде елдің көтерме сауда орталығы болып табылады.
Сондай-ақ, Алматы әкімдігі осы сектордың пандемияға байланысты қазіргі жағдайға орай қалай өзгергені туралы айтып берді. Мәселен, қаңтар-тамызда көтерме сауда айналымының көлемі 6 042 198 млрд теңгені құрады, ҚР-дағы үлесі — 42,9%, оның ішінде азық-түлік тауарларын өткізу көлемі 1 397 747 млрд теңгені, азық-түлік емес тауарларды өткізу көлемі 4 644 451 млрд теңгені құрады. Қаңтар-тамызда азық-түлік тауарлары бойынша сату көлемінің төмендеуі байқалады: кондитерлік өнімдер, сусындар — 31%. Азық-түлік емес тауарлар бойынша қаңтар-тамызда сату көлемінің төмендеуі байқалады: автомобильдер (жеңіл, жүк, жолаушы, арнайы, тіркемелер) 25,5%-ға; құрылыс материалдары — 36,1%-ға; дизель отыны, керосин — 22,5%-ға; телекоммуникациялық жабдықтар — 21,2%-ға. Азық-түлік емес тауарлар бойынша қаңтар-тамызда сату көлемінің ұлғаюы байқалады: фармацевтикалық тауарлар, медициналық препараттар — 2,1%-ға. кең ассортименттегі өзге де тауарлар (тұрмыстық техника, косметика, қағаз, картон, ойыншықтар, кеңсе тауарлары, агрохимиялық тауарлар) — 5,2%-ға.
Сонымен қатар биылғы тамызда шілде айымен салыстырғанда көтерме сауда айналымы 11,8%-ға артты. Азық-түлік емес тауарлар бойынша өсу қарқынының 7,1%-ға төмендеуі байқалады.