
2026 жылғы 6 сәуірде Алматы қаласының Оқушылар сарайында 2026 жылғы 15 наурызда өткен Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасы бойынша республикалық референдумды дайындау мен өткізуге елеулі үлес қосқан аумақтық және учаскелік комиссия мүшелерін салтанатты түрде марапаттау рәсімі өтті.
Республикалық референдум Қазақстан Республикасы Президентінің 2026 жылғы 11 ақпандағы Жарлығымен тағайындалып, жаңа Конституция жобасы 2026 жылғы 12 ақпанда ресми түрде жарияланды.
Іс-шараны Алматы қаласының аумақтық сайлау комиссиясы ұйымдастырды.
Салтанатты рәсім барысында қатысушыларға алғыс хаттар, құрмет грамоталары және ведомстволық медальдар табысталды. Жекелеген қатысушылар Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының, сондай-ақ Алматы қаласының аумақтық сайлау комиссиясының алғыс хаттарымен марапатталды.
Марапатталғандардың қатарында аумақтық және учаскелік комиссиялардың мүшелері, жергілікті атқарушы органдардың және референдумды дайындау мен өткізуге қатысқан өзге де ұйымдардың өкілдері бар.
Алматы қаласында республикалық референдумды ұйымдастыру мен өткізуге 9 аумақтық және 654 учаскелік комиссия жұмылдырылып, комиссия мүшелерінің жалпы саны 4600-ден астам адамды құрады.
Комиссия мүшелерінің үйлесімді әрі кәсіби жұмысының арқасында республикалық референдум Қазақстан Республикасының заңнамасы талаптарына сәйкес, ашықтық және айқындық қағидаттарын сақтай отырып өткізілгені атап өтілді.
Алматы қаласы аумақтық сайлау комиссиясы барлық қатысушыларға адал еңбегі, жоғары кәсібилігі және республикалық референдумды ұйымдастыру мен өткізуге қосқан үлесі үшін алғыс білдіреді.