
Берікбол Мәндібаевтің
Мәслихат сессиясына арналған баяндамасы
Алматы қаласының кәсіпкерлікті дамытудың өңірлік бағдарламасы
«Almaty Business – 2030»
Құрметті Мейіржан Батырбекұлы, депутаттар және әріптестер!
Шағын және орта бизнесті, сондай-ақ қалалық инфрақұрылымды дамытуға қолайлы жағдай жасау мақсатында Алматы қаласы мәслихатының 2019 жылы 13 желтоқсандағы № 419 шешімімен «Almaty Business – 2025» кәсіпкерлікті дамытудың өңірлік бағдарламасы бекітілген болатын.
Бағдарламаның әкімшісі — Алматы қаласының Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы, операторы — «Алматы» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы және оның еншілес ұйымдары: Almaty Finance пен «Almaty» микроқаржы ұйымы.
Бағдарламаны іске асыру кезеңінде бюджеттен 30,6 млрд теңге бөлініп, жалпы сомасы 56,5 млрд теңгеге 793 жоба қаржыландырылды. Оның ішінде 25,9 млрд теңге қайтарымды қаражат есебінен қамтамасыз етілді. Нәтижесінде 6,4 мың жаңа жұмыс орны құрылды.
Қол жеткізілген көрсеткіштер қолданыстағы бизнесті қолдау құралдарының тиімділігін айқындап, қаладағы кәсіпкерлікті одан әрі дамытуға берік негіз қалыптастырды.
Оң серпінді сақтап, бизнес үшін мүмкіндіктер аясын кеңейту мақсатында Алматының стратегиялық басымдықтары мен қазіргі экономикалық сын-қатерлерін ескере отырып, «Almaty Business – 2030» кәсіпкерлікті дамытудың жаңа өңірлік бағдарламасын бекіту ұсынылады.
Бағдарламаның негізгі жаңашылдықтары қала экономикасын дамытудың басым бағыттарына қолдау шараларын шоғырландыруды, әлеуметтік кәсіпкерлікке арналған жаңа несиелік өнімді енгізуді, қаржыландыру лимиттері мен сыйақы мөлшерлемелерін қайта қарауды, сондай-ақ мемлекеттік меншікті иеліктен шығармай инвестициялық жобаларға ӘКК-нің қатысуының жаңа тетігін енгізуді қамтиды.
Бағдарлама аясында «Almaty» МҚҰ арқылы әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілеріне кепілсіз кредит беру ұсынылады. Шарттарға сәйкес негізгі құралдарды сатып алу және жөндеу үшін 1 300 АЕК-ке дейін, айналым қаражатын толықтыруға 500 АЕК-ке дейін қарыз беру көзделеді. Сыйақы мөлшерлемесі — жылдық 6%, мерзімі — 5 жылға дейін. Бұл тетік әлеуметтік бағыттағы бизнесті дамытуға және қала тұрғындарының өмір сапасын арттыруға бағытталған.
Сонымен қатар қаржыландыру лимиттері мен сыйақы мөлшерлемелерін қайта қарау ұсынылады. Жылдық 6% мөлшерлеме әлеуметтік кәсіпкерлерге, шағын өнеркәсіптік парктер резиденттеріне, креативті индустрия және инновациялық бизнес инфрақұрылымы жобаларына қолданылатын болады. Ал шағын және орта бизнестің өзге жобалары үшін жылдық 9% мөлшерлеме белгіленеді. Бұдан бөлек, «Almaty» МҚҰ 1 500 АЕК-ке дейінгі кепілсіз қарыздарды жылдық 12% мөлшерлемемен, 12 айға дейінгі мерзімге беруді жалғастырады.
Айрықша маңызға ие жаңашылдықтардың бірі – ӘКК-нің инвестициялық жобаларға бірлескен қызмет туралы келісім негізінде қатысуының жаңа тетігін енгізу. Бұл тетікке сәйкес жер учаскелері Басқармаға қысқа мерзімді жалға беріледі, ӘКК жоба операторы ретінде айқындалады, инвесторлар конкурстық негізде іріктеледі және Басқарма, ӘКК мен инвестор арасында үшжақты келісім жасалады.
Аталған тәсіл мемлекеттік активтердің сақталуын қамтамасыз етуге, инвесторларды іріктеу үдерісінің ашықтығын арттыруға, инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру мерзімін жеделдетуге және қалалық ресурстарды тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.
«Almaty Business – 2030» бағдарламасын қабылдау экономиканың басым салаларын қолдауды күшейтуге, әлеуметтік кәсіпкерлікті қаржыландыру құралдарын кеңейтуге, инвестициялық белсенділікті арттыруға, жаңа жұмыс орындарын құруға және Алматы қаласында кәсіпкерліктің орнықты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған.
Бағдарламаның іске асуы қаланың экономикалық әлеуетін нығайтуға және тұрғындардың өмір сапасын арттыруға ықпал ететін маңызды қадам болатынына сенімдімін.