
Бауыржан Құдайбергеновтың
Мәслихат сессиясына арналған
бюджетті нақтылау жөніндегі баяндамасы
Құрметті Мейіржан Батырбекұлы!
Құрметті депутаттар!
Нақтыланған жергілікті бюджет жобасын қарау барысында жүргізілген жұмыстарыңыз үшін өздеріңізге алғысымды білдіремін. Бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің барлық ұсыныстары мәслихаттың тұрақты комиссияларының отырыстарында жан-жақты қаралды.
Бүгінгі бюджетті нақтылау жобасы жергілікті бюджетті ішкі қайта бөлу есебінен жүзеге асырылады.
Қаржылық тұрақтылық 2025 жылы Алматы қаласы экономикасының серпінді дамуымен қамтамасыз етілген. Ағымдағы жылдың қаңтар айында экономикадағы оң үрдістер сақталуда. Қысқа мерзімді экономикалық индикатордың индексі 104,2 %-ті құрады.
2026 жылы қаланың жалпы өңірлік өнімінің өсімі өңдеуші
өнеркәсіптегі өндіріс көлемінің кемінде 6 %, құрылыста –17 %, саудада – 6 %, көлік саласында – 9,5 % ұлғаюы есебінен 6,0 % деңгейінде болжанып отыр.
Әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету Алматы қаласының бюджет саясатының басты басымдықтарының бірі болып қала береді.
Ұсынылған нақтылау шеңберінде әлеуметтік салаға қосымша 23,3 млрд. теңге, оның ішінде білім беруге – 13,3 млрд. теңге бағытталды.
Оқушы орындарының тапшылығы жағдайында қаланың білім беру мекемелерінің инфрақұрылымын қамтамасыз етуге
ерекше көңіл бөлінеді.
Түрксіб ауданында 2 мың оқушы орнына арналған мектепті сатып алуға 2,5 млрд теңге бағыттау жоспарланып
отыр, бұл нысанға 2025 жылы республикалық бюджеттен 9,9
млрд теңге қарастырылған.
Алмалы, Алатау, Жетісу, Наурызбай аудандарында жалпы қуаты 1200 оқушы орындық төрт мектептің, сондай-ақ мектептердің бірінде 340 орындық жатақхананың құрылысын аяқтау үшін 2 млрд. Теңге қарастырылған.
Бостандық ауданындағы «Дарын-1» шағынауданында 900 орындық шығармашылық мектебінің құрылысын аяқтауға 3,3 млрд теңге бөлу жоспарлануда. Бұл жоба 2025 жылы Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорының қаражаты есебіненбастама алған.
№198 мектеп ғимаратына 600 орындық қосымша құрылыстың басталуына 1 млрд. теңге, «Нұркент» шағын
ауданындағы гимназияға 450 оқушы орындық қосымша құрылысқа – 800 млн. теңге қарастырылған.
Ағымдағы жылдың мамыр айында «Алғабас» шағын ауданында жатақханасы бар инновациялық техникалық колледж ғимараты пайдалануға беріледі. Жобаны аяқтауға 1,3 млрд теңге қарастырылған.
Бюджеттің келесі басым бағыты – денсаулық сақтау саласы.
Бүгінгі бюджет нақтылануындағы негізгі жобалардың қатарында №2 Қалалық перзентхананың жаңа ғимаратын салуды бастау және «Шұғыла» шағынауданында бір ауысымда 200 келушіге арналған отбасылық-дәрігерлік амбулатория құрылысын іске қосу бар. Аталған жобаларды
жүзеге асыруға 3,6 млрд теңге қарастырылды.
Жалпы алғанда, 2026 жылға арналған нақтыланған жергілікті бюджетте денсаулық сақтау саласына 4,4 млрд теңге бөлу көзделіп отыр.
Ағымдағы жылдың тамыз айында Сац атындағы Балалар мен жасөспірімдер театры ғимаратын қайта жаңғырту және оған қосымша құрылыс салу жұмыстарын аяқтау жоспарлануда. Жобаны аяқтауға 3,5 млрд теңге қарастырылған.
Қаланың туристік инфрақұрылымын одан әрі мақсатында
Үлкен Алматы көліне дейін жаяу жүргіншілер жолын салуға 665 млн теңге және Медеу табиғи паркін көріктендіру жобасының бастапқы кезеңіне 2 млрд теңге бөлінді.
Көлік саласының жобаларын қаржыландыруға бюджеттен қосымша 19,7 млрд теңге қарастырылады.
2026 жылы Төле би көшесін ұзартып салу жұмыстарын аяқтауға 13,6 млрд теңге бағыттау жоспарлануда. Сондай-ақ Саин және Оңғарсынова көшелерін ұзарту жұмыстарын аяқтауға 1,6 млрд теңге көзделген.
Қала көшелеріндегі қауіпсіздікті арттыру және автобустар
қозғалысын тиімді ұйымдастыру мақсатында «Көкжиек», «Саялы-2» және «Жас Қанат» шағынаудандарында үш аялдау-айналма алаңын салуға 500 млн. теңгеден астам
қаржы бағытталады.
2026 жылға арналған бюджетті бекіту кезінде абаттандыру жұмыстарының басымдығы ерекше атап өтілді. Осы жұмысты жүйелі түрде жалғастыру мақсатында бюджетті нақтылау аясында абаттандыруды қаржыландыру үлесі 5,2%-ға артады. Аталған қаражат қалалық инфрақұрылымды жақсартуға, қоғамдық кеңістіктердің сапасын арттыруға және тұрғындар үшін жайлы өмір сүру жағдайларын қамтамасыз етуге бағытталады.
Осыған байланысты, бюджетті нақтылау шеңберінде қаланың 9 көшесінде аумақтарды жаңғырту және кешенді абаттандыру жұмыстарын жүргізу қарастырылған.
Сонымен қатар қаланың 6 ауданындағы 159 ғимаратты, көппәтерлі тұрғын үйлерді, әлеуметтік және мәдени нысандарды сәулеттік-сәндік жарықтандыру үшін қосымша 5 млрд теңге бөлу жоспарлануда.
Құрметті депутаттар! 2026 жылға арналған Алматы қаласының нақтыланған бюджеті 2 трлн 806,4 млрд теңгені құрайды.
Аталған бюджетті нақтылау Алматы қаласын одан әрі дамуына бағытталған маңызды жобаларды кідіріссіз іске асыруға мүмкіндік береді.
Қолдауларыңызды сұраймын!