
Алматы қаласында Дүниежүзілік сайлау күнін мерекелеу қарсаңында өткізілген іс-шаралар туралы
2026 жылғы 4 ақпанда Алматы қаласы аумақтық сайлау комиссиялары Дүниежүзілік сайлау күні қарсаңында бірқатар іс-шаралар өткізді. Іс-шаралар «Электоралды қағидаттар – сайлаушылар сенімінің негізі» ұранымен өтті. Аталған іс-шаралар инклюзивтік қағидатын іске асыруға арналды. Негізгі назар азаматтардың құқықтық сауатын арттыру, халықтың барлық санаттары үшін сайлау үдерісінің қолжетімділігін қамтамасыз ету, сондай-ақ жастарды елдің қоғамдық-саяси өміріне қатысу мәселелерін талқылауға тарту жұмыстарын жалғастыруға аударылды.
Дүниежүзілік сайлау күнін мерекелеу аясында Алматы қаласының аумақтық сайлау комиссиялары бүгін барлығы 9 іс-шара өткізіп, оған жалпы 610 адам қамтылды, барлық қатысушылар – жастар.
Алатау ауданының аумақтық сайлау комиссиясы «№152 мектеп-гимназиясы» КММ базасында «Әлем елдеріндегі сайлау жүйелерінің ерекшеліктері» тақырыбында дебат өткізді. Іс-шараға жоғары сыныптардың 40 оқушысы қатысты. Дебаттың негізгі мақсаты – сайлау құқығының негіздерін түсіндіру және болашақ сайлаушылардың саяси шешім қабылдаудағы жауапкершілігін қалыптастыру.
Алмалы ауданының аумақтық сайлау комиссиясы «№15 гимназия» КММ базасында қашықтан байланыс форматында «Сайлауға қатысудағы тең мүмкіндіктер» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді. Кездесу барысында қатысушылар сайлаудың маңыздылығы мен әрбір азаматтың ел өміріндегі рөлі туралы пікір алмасты.
Әуезов ауданының аумақтық сайлау комиссиясы «Алматы технологиялық колледжі» МКҚК базасында колледж студенттеріне арналған «Сайлау комиссиялары қызметіндегі инклюзивті тәжірибелер» тақырыбында ақпараттық-түсіндіру іс-шарасын өткізді. Кездесу барысында нақты мысалдар мен фотоматериалдар ұсынылып, учаскелік сайлау комиссиялары жұмысының ерекшеліктері түсіндірілді.
Бостандық ауданының аумақтық сайлау комиссиясы «№45 жалпы білім беретін мектеп» КММ базасында 10-сынып оқушыларымен «Біздің таңдауымыз – біздің болашағымыз» тақырыбында кездесу өткізді. Іс-шара оқушылардың азаматтық жауапкершілігін қалыптастыруға және құқықтық мәдениетін арттыруға бағытталды. Кездесу барысында сайлауға қатысудың маңызы мен жеке таңдаудың ел болашағындағы рөлі талқыланды. Еркін пікір алмасу форматында өткен кездесу оқушылардың белсенді қатысып, өздерін қызықтырған сұрақтарын қоюына мүмкіндік берді.
Наурызбай ауданының аумақтық сайлау комиссиясы «№208 мектеп-гимназиясы» КММ және «№178 мектеп-гимназиясы» КММ базасында 9–11 сынып оқушылары арасында «Pro Сайлау» тақырыбында зияткерлік викторина ұйымдастырды. Іс-шараның негізгі мақсаты — Қазақстан Республикасының сайлау жүйесі туралы білімді кеңінен насихаттау және болашақ сайлаушылардың азаматтық жауапкершілігін қалыптастыру.
Өткізілген іс-шаралар қатысушылардың құқықтық сауатын арттыруға, сайлау жүйесіне деген сенімді нығайтуға және сайлауға саналы қарым-қатынас қалыптастыруға ықпал етті.