
Алматыда «Мектептегі өзін-өзі басқарудың үздік сайлау жүйесі» III қалалық байқауының жеңімпаздары анықталды
2026 жылғы 5 ақпанда Алматы қаласының Алатау ауданындағы Оқушылардың инновациялық шығармашылық орталығында Дүниежүзілік сайлау күніне арналған іс-шаралар аясында Алматы қаласының аумақтық сайлау комиссиясы ұйымдастырған «Мектептегі өзін-өзі басқарудың үздік сайлау жүйесі» III қалалық байқауының финалдық кезеңі өтті.
Байқау мектеп оқушыларының құқықтық сауатын арттыруға, азаматтық жауапкершілігін дамытуға, сондай-ақ жастардың демократиялық үдерістер мен сайлауға қатысу мәдениетіне қызығушылығын қалыптастыруға бағытталған. Сонымен қатар, мектептегі өзін-өзі басқару жүйесін дамытуға және оқушыларды сайлау жүйесінің негізгі қағидаттарымен тәжірибе жүзінде таныстыруға ерекше көңіл бөлінеді.
Байқау екі кезең бойынша өткізілді. 2026 жылғы 12–30 қаңтар аралығында қашықтан байланыс форматында аудандық кезең өтіп, онда қала мектептері өз мектептеріндегі өзін-өзі басқарудың сайлау жүйесі модельдерін бейнероликтер арқылы таныстырды. Байқауға қатысуға барлығы 124 өтінім түсіп, 115 мектеп конкурстық жұмыстарын ұсынды, ал жалпы байқауға 106 мектеп қатысты. Аудандық кезеңдерге мектептегі өзін-өзі басқару ұйымдарының шамамен 480 өкілі тартылды.
Қалалық финалдық кезеңде аудандық турларда жеңімпаз атанған сегіз команда өз мектептеріндегі сайлау өткізу тәжірибесі мен оқушылар парламентінің жұмыс жүйесін таныстырды. Қатысушылар мектептегі сайлау ұйымдастырудың тиімді тәсілдерін, оқушыларды өзін-өзі басқару үдерістеріне тарту жолдарын және өз бастамаларының нәтижелерін көрсетті.
Қатысушылардың жұмыстарын келесі құрамдағы қазылар алқасы бағалады:
Байқау қорытындысы бойынша жүлделі орындар төмендегідей бөлінді:
I орын – Бостандық ауданының «Ораз Жандосов атындағы №105 гимназия» КММ командасы;
II орын – Алмалы ауданының «№134 лицейі» КММ;
III орын – Алатау ауданының «№201 мектеп-гимназиясы» КММ.
Жеңімпаздар мен қатысушылар дипломмен, естелік сыйлықпен және алғыс хатпен марапатталды. Сонымен қатар, жастар арасында электоралды мәдениетті дамытуға қосқан үлесі үшін командалардың үйлестірушілері мен аудандық аумақтық сайлау комиссиялары да марапатталды.
Салтанатты марапаттау рәсімінен соң қатысушылар, ұйымдастырушылар мен қазылар алқасының мүшелері естелік суретке түсті.