
Алматы қаласында Дүниежүзілік сайлау күнін мерекелеу қарсаңында өткізілген іс-шаралар туралы
2026 жылғы 3 ақпанда Алматы қаласы аумақтық сайлау комиссиялары Дүниежүзілік сайлау күні қарсаңында бірқатар іс-шаралар өткізді. Іс-шаралар «Электоралды қағидаттар – сайлаушылар сенімінің негізі» ұранымен өтті. Аталған іс-шаралар инклюзивтік қағидатын іске асыруға арналды. Негізгі назар азаматтардың құқықтық сауатын арттыру, халықтың барлық санаттары үшін сайлау үдерісінің қолжетімділігін қамтамасыз ету, сондай-ақ жастарды елдің қоғамдық-саяси өміріне қатысу мәселелерін талқылауға тарту жұмыстарын жалғастыруға аударылды.
Дүниежүзілік сайлау күнін мерекелеу аясында Алматы қаласының аумақтық сайлау комиссиялары бүгін барлығы 9 іс-шара өткізіп, оған жалпы 610 адам қамтылды, оның ішінде 590-ы – жастар.
Алатау аудандық аумақтық сайлау комиссиясы «№210 мектеп-лицейі» КММ «Менің дауысым маңызды: ертең бүгіннен басталады» тақырыбында викторина өткізді. Іс-шараға жоғары сыныптың 60 оқушысы қатысты. Викторина сайлау үдерісінің негіздерін түсіндіруге, дауыс беру бойынша практикалық дағдыларды үйретуге, сондай-ақ болашақ сайлаушылардың саяси шешім қабылдаудағы жауапкершілігін қалыптастыруға бағытталды.
Алмалы аудандық аумақтық сайлау комиссиясы «Сайлау – баршаға ортақ іс!» атты онлайн-челлендж ұйымдастырды. Челлендждің негізгі мақсаты – мектеп оқушылары арасында белсенді азаматтық ұстанымды қалыптастыру. Қатысушылар сайлауға қатысудың маңызын көрсететін тақырыптық жарияланымдар мен бейнематериалдармен бөлісіп, жеке жауапкершілік пен саналы таңдаудың мәнін атап өтті.
Әуезов аудандық аумақтық сайлау комиссиясы «№173 мектеп-лицейі» КММ базасында ауданның 9-11 сынып оқушыларының қатысуымен «Мен – елдің болашақ Президентімін» тақырыбында қашықтан байланыс форматында эссе байқауын өткізді.
Бостандық аудандық аумақтық сайлау комиссиясы «Алматы мемлекеттік сервис және технологиялар колледжі» МКҚК базасында студенттер арасында «Азаматтық қоғамды қалыптастырудағы сайлаудың рөлі» тақырыбында викторина өткізді. Іс-шара жастардың құқықтық сауатын арттыруға және белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастыруға бағытталды. Викторина барысында қатысушылар сайлау құқығы мен қоғамдық-саяси үдерістер саласындағы білімдерін тексеруге мүмкіндік алды.
Медеу аудандық аумақтық сайлау комиссиясы «№35 гимназия» КММ базасында «Таңдау жасау құқығы әркімге тиесілі» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді. Кездесу барысында азаматтардың сайлау құқықтары, жеке және қоғамдық өмірдегі саналы таңдау мәселелері, сондай-ақ адам құқықтары талқыланды.
Наурызбай аудандық аумақтық сайлау комиссиясы №157 жалпы білім беретін мектеп» КММ және №214 жалпы білім беретін мектеп» КММ базасында «Pro Сайлау» атты интеллектуалды квиз ұйымдастырды. Іс-шараның негізгі мақсаты – жастардың құқықтық сауатын арттыру және ойын форматы арқылы Қазақстан Республикасының сайлау жүйесі туралы білімдерін бекіту.
Өткізілген іс-шаралар қатысушылардың құқықтық сауатын арттыруға, сайлау жүйесіне деген сенімді нығайтуға және сайлауға саналы қарым-қатынас қалыптастыруға ықпал етті.