
Алматы қаласында Дүниежүзілік сайлау күнін мерекелеу қарсаңында өткізілген іс-шаралар туралы
2026 жылғы 2 ақпанда Алматы қаласы аумақтық сайлау комиссиялары Дүниежүзілік сайлау күні қарсаңында бірқатар іс-шаралар өткізді. Іс-шаралар «Электоралды қағидаттар – сайлаушылар сенімінің негізі» ұранымен өтті. Аталған іс-шаралар ашықтық қағидатын іске асыруға арналды. Негізгі назар құқықтық мәдениетті арттыруға, сайлау құқығы қағидаттарын түсіндіруге және учаскелік сайлау комиссиялары мүшелерін даярлауға, сондай-ақ жастар арасында жауапты азаматтық ұстанымды қалыптастыруға бағытталды.
Дүниежүзілік сайлау күнін мерекелеу аясында Алматы қаласының аумақтық сайлау комиссиялары бүгін барлығы 9 іс-шара өткізіп, оған жалпы 489 адам қамтылды, барлық қатысушылар – жастар.
Алатау аудандық аумақтық сайлау комиссиясы «№166 лицей» КММ базасында «Сайлау – демократиялық мемлекет құрудың негізгі нысаны» тақырыбында дебат өткізді. Іс-шараға жоғары сыныптың 60 оқушысы қатысты. Дебаттың негізгі мақсаты – құқықтық және саяси мәдениетті арттыру, жастарды сайлау үдерісіне тарту, сондай-ақ сайлауалды бағдарламаларды талдау арқылы сыни ойлауды дамыту болды.
Алмалы аудандық аумақтық сайлау комиссиясы білім алушы жастардың құқықтық мәдениеті мен азаматтық белсенділігін арттыруға бағытталған онлайн форматта «Анимациялық плакат күні» іс-шарасын ұйымдастырды. Аталған шара «Мен – болашақ кандидатпын!» және «Сен үшін ешкім шешім қабылдамайды!» ұрандарымен өтті. Қатысушылар сайлаудың маңызы мен азаматтың жеке жауапкершілігін бейнелейтін креативті анимациялық жұмыстарын ұсынды. Жұмыстарда саналы таңдау жасау және қоғамдық өмірге белсенді қатысу тақырыбына ерекше назар аударылды.
Әуезов аудандық аумақтық сайлау комиссиясы «№127 жалпы білім беретін мектеп» КММ базасында жастардың қатысуымен «Сайлау біздің көзімізбен» тақырыбында қашықтан сурет байқауын өткізді. Іс-шара өскелең ұрпақтың азаматтық ұстанымын қалыптастыруға және құқықтық мәдениетін арттыруға бағытталды.
Бостандық аудандық аумақтық сайлау комиссиясында 7–10 сынып оқушылары арасында «Сайлау балалар көзімен» атты сурет байқауы өтті. Қатысушылар өз жұмыстарында сайлаудың маңызы мен азаматтардың қоғамдық өмірге қатысуы жөніндегі өз көзқарастарын бейнеледі. Мұндай байқаулар оқушылардың шығармашылық ойлауын дамытып, азаматтық жауапкершілікке қызығушылығын арттыруға ықпал етеді.
Жетісу аудандық аумақтық сайлау комиссиясы «№21 мектеп» КММ базасында «Сайлау – баршаға ортақ іс» тақырыбында сурет байқауын өткізді. Байқаудың мақсаты – патриоттық тәрбиені күшейту, балалар мен жасөспірімдер арасындағы таланттарды анықтау, жастарды және өскелең ұрпақты әлеуметтік маңызы бар мемлекеттік іс-шараларға тарту, сондай-ақ оларға ортақ жауапкершілік сезімін қалыптастыру. Байқау қорытындысы бойынша жүлделі орын алған жеңімпаздар анықталып, сонымен қатар қатысушыларға да алғыс хат табысталды.
Медеу аудандық аумақтық сайлау комиссиясы «Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті» КЕАҚ базасында «Сайлау – сіздің болашағыңыздың негізі» тақырыбында қонақ дәріс өткізді. Іс-шараның мақсаты – жастардың электоралдық мәдениетін арттыру, сондай-ақ сайлау заңнамасының негізгі ұғымдары мен қағидаттарын, сайлау жүйелері мен сайлау өткізу кезеңдерін талқылау.
Наурызбай аудандық аумақтық сайлау комиссиясы «№188 мектеп-гимназия» КММ және «№186 жалпы білім беретін мектеп» КММ базаларында «Біз – болашақ сайлаушылармыз» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырды. Іс-шараның негізгі мақсаты – жастарды азаматтық тұрғыда тәрбиелеу және оларды мемлекет өміріне белсенді қатысуға даярлау. Қатысушылар сайлау жүйесінің құрылымы мен азаматтық борыштың маңызын талқылады.
Түрксіб аудандық аумақтық сайлау комиссиясы «Алматы жолаушылар көлігі және технологиялар колледжі» КМҚК базасында «Сайлаушы нені білуі тиіс? Сайлаушының құқықтары» тақырыбында қонақ дәріс өткізді. Іс-шара Дүниежүзілік сайлау күніне орай ұйымдастырылып, халық арасында, оның ішінде жастар арасында электоралды мәдениетті насихаттауға бағытталды.
Өткізілген іс-шаралар қатысушылардың құқықтық сауатын арттыруға, сайлау жүйесіне деген сенімді нығайтуға және сайлауға саналы қарым-қатынас қалыптастыруға ықпал етті.