
Алматы қаласында Дүниежүзілік сайлау күнін мерекелеу қарсаңында өткізілген іс-шаралар туралы
2026 жылғы 28 қаңтарда Алматы қаласы аумақтық сайлау комиссиялары Дүниежүзілік сайлау күні қарсаңында бірқатар іс-шаралар өткізді. Іс-шаралар «Электоралды қағидаттар – сайлаушылар сенімінің негізі» ұранымен өтті. Аталған іс-шаралар сайлау комиссияларының тәуелсіздігі қағидатын іске асыруға арналды. Негізгі назар сайлау комиссияларының тәуелсіздігі қағидатын түсіндіруге, сайлау процесінің заңдылығы мен ашықтығын қамтамасыз етуге, құқықтық мәдениетті арттыруға және жастардың жауапты азаматтық ұстанымын қалыптастыруға бағытталды.
Дүниежүзілік сайлау күнін мерекелеу аясында Алматы қаласының аумақтық сайлау комиссиялары бүгін барлығы 8 іс-шара өткізіп, оған жалпы 377 адам қамтылды, оның ішінде 308-і – жастар.
Алатау ауданының аумақтық сайлау комиссиясы «Алатау ауданы әкімінің аппараты» КММ базасында «Дүниежүзілік сайлау күні. Мемлекеттегі демократиялық қағидаттардың қалыптасуындағы сайлаудың рөлі» тақырыбында семинар өткізді. Іс-шараға жас мамандар мен мемлекеттік қызметшілер қатысты. Семинардың негізгі мақсаты – сайлау процесіне қатысушылардың құқықтық сауаттылығын арттыру, кәсіби даярлығын күшейту, сондай-ақ дауыс беру заңдылығы мен ашықтығын қамтамасыз ету.
Алмалы ауданының аумақтық сайлау комиссиясы «№46 гимназия» КММ базасында 10-11 сынып оқушылары арасында «Таңдаудағы әділдік деген не?» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырды. Диалог барысында оқушылар адал және ашық сайлау қағидаттары, құқықтар теңдігі мен азаматтық жауапкершілік мәселелерін талқылап, қоғамдық өмірден мысалдар келтірді.
Әуезов ауданының аумақтық сайлау комиссиясы «Алматы көпсалалы колледжі» МКҚК базасында жастардың қатысуымен «Сайлау комиссияларының тәуелсіздігі: кепілдіктер, жауапкершілік, этика» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді. Талқылау барысында комиссия мүшелерінің мәртебесі, олардың қызметіне араласуға жол бермеу, мүдделер қақтығысы және кәсіби этика мәселелері қаралды.
Бостандық ауданының аумақтық сайлау комиссиясы «№70 жалпы білім беретін мектеп» КММ базасында «Мен – болашақ сайлаушымын» тақырыбында электоралды квест өткізді. 9-10 сынып оқушылары интерактивті форматта сайлау процесінің негіздерімен және азаматтардың құқықтарымен танысты. Іс-шара белсенді азаматтық ұстанымды қалыптастыруға және жеке таңдаудың маңызын түсінуге бағытталды.
Жетісу ауданының аумақтық сайлау комиссиясы аудан мектептері оқушылары арасында «Әлеуметтік желілер – әділ сайлауға көмек пе, әлде қауіп пе?» тақырыбында мемлекеттік тілде пікірсайыс ұйымдастырды. Қазылар алқасының құрамына жоғары оқу орындарының студенттері мен қалалық пікірсайыс клубының мүшелері енді. Нәтижесінде жеңімпаз команда анықталып, қалған қатысушылар дипломдар мен алғыс хаттармен марапатталды.
Медеу ауданының аумақтық сайлау комиссиясы «№64 жалпы білім беретін мектеп» КММ базасында «Менің таңдауым – менің болашағым» тақырыбында сурет байқауын ұйымдастырды. Байқаудың мақсаты – сайлау құқығын белсенді іске асыру мәселелеріне назар аударту, болашақ сайлаушылардың сайлау институтына деген сенімін арттыру, құқықтық мәдениетті, белсенді өмірлік ұстанымды және шығармашылық ойлауды дамыту.
Наурызбай ауданының аумақтық сайлау комиссиясы «№221 жалпы білім беретін мектеп» КММ базасында «Жас сайлаушының дауысы» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді. Кездесу барысында оқушылар электоралды мәдениет негіздерімен танысып, жастардың қоғамдағы рөлі мен азаматтық жауапкершілік мәселелерін талқылады. Іс-шара жастардың құқықтық сауатын арттыруға және белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастыруға бағытталды.
Түрксіб ауданының аумақтық сайлау комиссиясы «Аяжан» жоғары медициналық колледжі базасында «Сайлау бостандығы» тақырыбында пікірсайыс өткізді. Талқылау барысында әрбір азаматтың сайлау және сайлану құқығын қамтамасыз ететін сайлау бостандығы қағидаты қарастырылды.
Өткізілген іс-шаралар қатысушылардың құқықтық сауатын арттыруға, сайлау жүйесіне деген сенімді нығайтуға және сайлауға саналы қарым-қатынас қалыптастыруға ықпал етті.