
Алматы қаласында Дүниежүзілік сайлау күнін мерекелеу қарсаңында өткізілген іс-шаралар туралы
27 қаңтарда Алматы қаласының аумақтық сайлау комиссиялары тарапынан Дүниежүзілік сайлау күнін мерекелеуге арналған бірқатар іс-шаралар өткізілді. Іс-шаралар «Электоралды қағидаттар – сайлаушы сенімінің негізі» ұранымен өтті. Өткізілген іс-шаралар заңның үстемдігі қағидатын іске асыруға бағытталды. Негізгі назар сайлау құқығы қағидаттарын түсіндіруге, учаскелік сайлау комиссиялары мүшелерінің кәсіби даярлығын арттыруға, сондай-ақ жастар арасында құқықтық мәдениет пен азаматтық жауапкершілікті қалыптастыруға аударылды.
Дүниежүзілік сайлау күнін мерекелеу аясында бүгін Алматы қаласының аумақтық сайлау комиссиялары 8 іс-шара өткізіп, оған жалпы 366 адам қамтылды, барлық қатысушылар – жастар өкілдері.
Алатау ауданының аумақтық сайлау комиссиясы «№26 жалпы білім беретін мектеп» КММ базасында жастарға арнап «Учаскелік сайлау комиссиялары қызметінің ұйымдастырушылық-құқықтық негіздері» тақырыбында қонақ дәріс өткізді. Іс-шараның негізгі мақсаты – сайлауды ұйымдастыру және өткізуге жауапты хатшыларды заң талаптарына сәйкес оқыту, әдістемелік ұсынымдарды зерделеу, сондай-ақ сайлау ұйымдастырушыларының құқықтық мәдениетін арттыру.
Алмалы ауданының аумақтық сайлау комиссиясы «Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті» КЕАҚ базасында «Дауыс беру – құқық па әлде азаматтық міндет пе?» тақырыбында университет студенттері арасында іс-шара өткізді. Кездесу барысында студенттер жоғары дайындық деңгейін, белсенді азаматтық ұстанымын және көпшілік алдында диалог жүргізу мәдениетін көрсетті. Пікірсайыс жанды әрі сындарлы ахуалда өтіп, жастардың сайлауға қатысуына саналы көзқарасын қалыптастыруға ықпал етті.
Әуезов ауданының аумақтық сайлау комиссиясы «Алматы құрылыс-техникалық колледжі» КМҚК базасында «Сайлау үдерісінің барлық кезеңдеріндегі рәсімдердің заңдылығы» тақырыбында жастар арасында іс-шара өткізді. Кездесу барысында сот пен сайлау комиссиялары тәжірибесін талдау, сондай-ақ типтік қателер мен оларды болдырмау жолдары талқыланды.
Бостандық ауданының аумақтық сайлау комиссиясы «Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті» КЕАҚ базасында «Біздің таңдауымыз – біздің болашағымыз» тақырыбында пікірсайыс өткізді. Қатысушылар жеке таңдаудың маңызын, азаматтық жауапкершілікті және қабылданатын шешімдердің қоғамның болашағына әсерін талқылады. Пікірсайыс жастардың сыни ойлау қабілеті мен белсенді азаматтық ұстанымын дамытуға бағытталды.
Жетісу ауданының аумақтық сайлау комиссиясы аудан мектептерінің оқушылары арасында «Біз көшбасшыны таңдаймыз» атты бейнероликтер байқауын ұйымдастырды. Байқау оқушылардың мектептегі белсенділігін арттыруға, олардың көшбасшылық қасиеттерін дамытуға және сайлауға қатысуға қажетті практикалық дағдыларды қалыптастыруға бағытталған. Байқау аясында мектеп оқушылары сайлауалды бағдарламаларын әзірлеп, үгіт-насихат жұмысын жүргізеді, сайлау комиссияларының мүшелері, байқаушылар және сенімді өкілдер рөлінде болады, сондай-ақ құқық үстемдігі қағидатын басшылыққа ала отырып, дауыс беру мен дауыс санауды ұйымдастырады. Сайлау қорытындысы бойынша мектептің өзін-өзі басқару органдары – Президент және Министрлер кабинеті құрылады.
Наурызбай ауданының аумақтық сайлау комиссиясы «№207 мектеп-лицейі» КММ және «№174 мектеп-гимназия» КММ базасында «Сайлау – сіздің болашағыңыздың негізі» тақырыбында ауқымды дөңгелек үстел ұйымдастырды. Кездесудің басты мақсаты – болашақ сайлаушылардың белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастыру және жастарды мемлекеттік басқару тетіктерімен таныстыру. Пікірталас барысында мектеп оқушылары дауыс беруге қатысудың елдің дамуына қалай әсер ететінін талқылады, сондай-ақ демократиялық үдерістің негізгі қағидаларын қарастырды.
Түрксіб ауданының аумақтық сайлау комиссиясы «Алматы телекоммуникациялар және машина жасау колледжі» КМК базасында «Сайлау – жастардың ісі!» тақырыбында қонақ дәріс өткізді. Іс-шара халық арасында, соның ішінде жастар арасында, сайлау мәдениетін кеңінен насихаттауға бағытталған.
Өткізілген іс-шаралар қатысушылардың құқықтық сауатын арттыруға, сайлау жүйесіне деген сенімді нығайтуға және сайлауға саналы қарым-қатынас қалыптастыруға ықпал етті.