
Алматы қаласында Дүниежүзілік сайлау күнін мерекелеу қарсаңында өткізілген іс-шаралар туралы
26 қаңтарда Алматы қаласының аумақтық сайлау комиссиялары тарапынан Дүниежүзілік сайлау күнін мерекелеуге арналған бірқатар іс-шаралар өткізілді. Іс-шаралар «Электоралды қағидаттар – сайлаушы сенімінің негізі» ұранымен өтті. Өткізілген іс-шаралар заңның үстемдігі қағидатын іске асыруға бағытталды. Негізгі назар сайлау құқығы қағидаттарын түсіндіруге, учаскелік сайлау комиссиялары мүшелерінің кәсіби даярлығын арттыруға, сондай-ақ жастар арасында құқықтық мәдениет пен азаматтық жауапкершілікті қалыптастыруға аударылды.
Дүниежүзілік сайлау күнін мерекелеу аясында бүгін Алматы қаласының аумақтық сайлау комиссиялары 8 іс-шара өткізіп, оған жалпы 459 адам қамтылды, оның ішінде 260-ы – жастар.
Алатау және Алмалы аудандарының аумақтық сайлау комиссиялары учаскелік сайлау комиссиялары мүшелеріне арналған «Қазақстан Республикасындағы сайлау процесінің құқықтық негіздері, бостандық кепілдіктері және қағидаттары» тақырыбында семинарлар ұйымдастырды. Алатау ауданының аумақтық сайлау комиссиясы аталған семинарды «№210 мектеп-лицей» КММ базасында өткізді, оған учаскелік сайлау комиссиясының жаңадан сайланған 91 мүшесі қатысты, олардың 45-і – жастар.
Алмалы ауданының аумақтық сайлау комиссиясы семинарды ашық диалог форматында ұйымдастырды. Қатысушыларға «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңының негізгі ережелері, сайлау комиссиясы мүшелерінің құқықтары мен міндеттері, сондай-ақ олардың қызметінің практикалық аспектілері түсіндірілді.
Әуезов ауданының аумақтық сайлау комиссиясы Жастар комьюнити-орталығының базасында жастардың қатысуымен «Конституция мен сайлау заңнамасының үстемдігі – сайлаудың легитимділігінің негізі» тақырыбында іс-шара өткізді. Кездесу барысында Қазақстан Республикасының Конституциясы мен «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның негізгі нормалары, сондай-ақ құқық қолдану тәжірибесінде кездесетін типтік жағдайлар талқыланды.
Бостандық ауданының аумақтық сайлау комиссиясы «№45 жалпы білім беретін мектеп» КММ базасында «Қазақстан Республикасының сайлау органдары: жүйесі, өкілеттіктері, учаскелік сайлау комиссиясы мүшелерінің мәртебесі» тақырыбында семинар ұйымдастырды. Іс-шараға әртүрлі деңгейдегі сайлау комиссияларының 80 мүшесі қатысты. Қатысушылар сайлау органдарының құрылымын, комиссия мүшелерінің міндеттерін және сайлау учаскелеріндегі жұмысты ұйымдастыру мәселелерін талқылады.
Жетісу ауданының аумақтық сайлау комиссиясы «№2 жалпы білім беретін мектеп» КММ базасында «Қазақстан Республикасының сайлау жүйесіндегі рөлі мен қағидаттары» тақырыбында дәріс өткізді. Іс-шараға 8–11 сынып оқушылары қатысты. Дәріс барысында барлық деңгейдегі сайлауларға азаматтардың қатысуының маңыздылығы, сондай-ақ өскелең ұрпақтың бойында отансүйгіштік пен азаматтық жауапкершілікті қалыптастырудың мәні ерекше атап өтілді.
Медеу ауданының аумақтық сайлау комиссиясы «№161 Ж.Жабаев атындағы мектеп-лицей» КММ базасында 9-сынып оқушыларына арнап «Сенің таңдауың – сенің болашағың» атты тақырыптық дәріс өткізді. Іс-шараға 60 оқушы қатысты. Кездесудің негізгі мақсаты – сайлаудың маңызын түсіндіру және жастардың сайлау процесіне саналы әрі жауапкершілікпен қатысуын қалыптастыру.
Наурызбай ауданының аумақтық сайлау комиссиясы «Оқушылардың инновациялық шығармашылық орталығы» КМҚК базасында «Қазақстан Республикасындағы учаскелік сайлау комиссиялары қызметінің ұйымдастырушылық-құқықтық негіздері» тақырыбында салтанатты іс-шара өткізді. Іс-шара барысында сайлау процесінің заңдылығы мен ашықтығын қамтамасыз ететін учаскелік сайлау комиссиялары мүшелерінің рөліне ерекше назар аударылды. Сонымен қатар сайлау заңнамасындағы өзгерістер қаралып, сайлаушылармен жұмыс істеудің тиімді алгоритмдері пысықталды.
Түрксіб ауданының аумақтық сайлау комиссиясы «№211 мектеп-гимназия» КММ базасында Дүниежүзілік сайлау күніне арналған семинар өткізді. Іс-шара сайлау комиссиялары қызметіндегі заңның үстемдігі, тәуелсіздік, ашықтық және кәсібилік қағидаттарын кеңінен түсіндіруге бағытталды.
Өткізілген іс-шаралар қатысушылардың құқықтық сауатын арттыруға, сайлау жүйесіне деген сенімді нығайтуға және сайлауға саналы қарым-қатынас қалыптастыруға ықпал етті.